Accessibility links

Пәкістан Қырғызстандағы студенттерін қайтаруға тағы рейс ұйымдастырмақ


Бішкектегі Пәкістаннан келген студенттер. 19 мамыр, 2024 жыл.
Бішкектегі Пәкістаннан келген студенттер. 19 мамыр, 2024 жыл.

Пәкістан Қырғызстанда оқып жатқан тағы 540 студентін елге қайтарады. Бұл туралы 19 мамырда Лахорда өткен баспасөз мәслихатында елдің сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхак Дар мәлімдеді.

Dawn басылымының ақпараты бойынша, министр үш арнайы коммерциялық рейс болады деп хабарлады:

"Кеше Пәкістанға коммерциялық рейспен 130-ға жуық студент оралды. Бүгін үш коммерциялық арнайы рейс ұйымдастырылды. Тағы 540 студент қайта алады, жалпы саны — 670 адам".

Мұхаммед Исхак Дар Қырғызстан сыртқы істер министрі Жиенбек Құлыбаевпен телефонмен келіссөздер жүргізіп, Бішкектегі Пәкістан азаматтарына қатысты болған оқиға туралы талқылаған. Бұл жөнінде 19 мамырда Қырғызстан СІМ жазды.

17 мамырда әлеуметтік желілерде бірнеше адамның төбелесіп жатқан видеосы тарады, авторлар оның ішінде шетел азаматтары бар деп мәлімдеді, ал кей қолданушы Қырғызстан азаматтарын соққыға жыққан деп жазды. Сол видеодан кейін 18 мамырға қараған түні Бішкектің шығыс жағында адамдар жинала бастады.

Ішкі істер министрлігі түнде қалада жиналғандар саны 700-ге жетті, ал таңертең олардың бәрі тарады деп хабарлады.

Бішкек милициясы бұл оқиғадан соң қылмыстық кодекстің 278-бабы ("Жаппай тәртіпсіздік") және 330-бабы ("Нәсілдік, ұлттық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғанын және шетел азаматтары тұратын жатақханаға кіріп, зорлық-зомбылық жасаған жергілікті төрт тұрғынды анықтағанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, милиция олардың екеуін және төрт шетел азаматын ұстаған.

Қырғыз үкіметі 18 мамырға қараған түні Бішкектегі тәртіпсіздік кезінде 29 адам зардап шекті, оның 15-ін ауруханаға жеткізді деп хабарлады.

Кейінге ресми ақпаратқа сәйкес, зардап шеккен үш шетел азаматы ауруханада жатыр, олардың халі тұрақты.

Былтырғы ресми мәліметтерге сай, Қырғызстанда 80 мыңнан астам шетел студенті оқып жатыр, бұл елдегі студенттердің 35 пайызы.

Шетел студенттерінің 61 пайызы – үндістандық, 32 пайызы – пәкістандық.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG