Accessibility links

Қонаев қаласында 3,5 ай үзілістен кейін журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты жалғасты


Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жақтастары сот сыртында отыр. Алматы облысы Қонаев қаласы. 22 мамыр, 2024 жыл.
Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жақтастары сот сыртында отыр. Алматы облысы Қонаев қаласы. 22 мамыр, 2024 жыл.

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында үш жарым ай үзілістен кейін журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты жалғасты. "Экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымға қатысты" деп айыпталған журналистің тергеу абақтысында отырғанына бір жылға уақыт жуықтады. Былтыр мамырдың соңында ұсталғанға дейін журналист небәрі бірнеше ай ішінде "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша 25 тәулікке үш рет қамалып шыққан. Журналистің соты бұған дейін полиция қысымына байланысты шағымға орай тоқтап, артынша іс тоқтаған. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, азаптау бойынша іс "дәлел жоқ" деген себеппен тоқтаған. Ол Азаттыққа алдағы күндері іске байланысты шағым түсіретінін айтты.

22 мамырда сотқа журналистің жиырмаға жуық жақтасы келді. Олар істі ашық өткізуді, Мұхаммедкәрімді босатуды талап етті. Сот ғимаратының алдында полиция тұрды.

Оқиға орнына барған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Думан Мұхаммедкәрімнің соты жабық өткен. Процеске оның адвокаттары мен ата-анасы ғана кірді. Қонаев қаласының ішкі саясат бөлімі мен прокуратура өкілдері сот ғимаратының алдында тұрған журналистің жақтастарын сырттай бақылады.

Журналист 10 сәуірде аштық жариялаған. Ол өзін Талдықорғаннан Қонаев немесе Алматы қаласына ауыстыруды талап еткен. Адвокат сотқа Думанды Қонаевқа ауыстыру, іспен танысуға уақыт беру туралы өтінішхат түсірген. Өтінішхат бүгін қаралуға тиіс. Журналист аштығын тоқтатқан.

Ne Deidi Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрімге "экстремизм" бойынша айып тағылуына шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

Қазақстан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Мұхаммедкәрімнің қамалғанын Қазақстанның теңқұқықты журналистері федерациясы сынаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Қазақстан билігі елде саяси қудалау, цензура, саяси тұтқындар жоқ деп біледі. Мәселен, биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында "Біздің заңнамамызда азаматтарды сая­си көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ... Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалау­шы органдар болуы керек" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG