Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен үй өтемақысы бойынша наразылықта тұрған тұрғындар бүгін, 22 мамырда таңда тарады. 15 мамыр таңертең сағат 10-да басталған наразылық бүгін 22 мамыр күні түнгі үш жарымда аяқталған. Бұл туралы Азаттыққа бүгін таңертең әкімдік алдына келген тұрғындар хабарлады.
Олардың сөзінше, үй өтемақысын талап етіп жүрген ауылдас жігіттер таңғы үш жарымда келіп, шатырларды жинап алған. Тұрғындар өз еркімен тарағанын, күш қолдану болмағанын айтады.
“Шатыр алынғанын таңда көрдім. Өзіме ұсынылған ақша көңілімнен шыққан соң, сол жерден алдыңғы күні үй өтемақысымен келіскесін кетіп қалдым. Бірақ, кеше 21 мамыр күні тұрғындар талабы өзгеріп, басқа мақсатпен келген адамдар көбейіп кеткен соң “Вахтовый поселок” (Достық ықшам ауданы) жігіттері таңда үш жарымда келіп, шатырларды жинап алып кеткен. Кеше жиналғандар “Қанат Бимырзаевты босатсын”, “Утильалым алынсын” деген талаптар қойыла бастаған соң ауылдастар саяси талаптарға айналып кетпесін деп жинап алған шатырларды” дейді тұрғынның бірі.
Тағы бір тұрғын да мұны растады. Оның сөзінше, түнде де, таңда да тыныш болған, бірақ түрлі қорқыту амалдары белең алып, арандатулар болғасын жағдай ушықпас үшін тарау керек деп шешкен.
“Ол жерде үйі суға кетпеген адамдар келіп, бензин, су газ, жұмыссыздық деп басқа талабын айта бастағанда біздің жігіттер “бұл жерден провокация жасамаңыздар, біздің басты талабымыз - баспана өтемақысы” деп айтты, бірақ тыңдамаған соң шатырларды жинап алуға шешім қабылдаған. Енді ол жерде шатыр құрмайды, бірақ әлі бағалау комиссиясымен келіспегендер бар, қиналып жүргендер көп, әлі де баратын болар, бірақ енді олар ол жерде шатыр құрып тұрмайды” дейді тұрғын.
Келесі тұрғын әкімдік алдынан өз еркімен тарағанын айтып, “осында бірнеше күн түнеп, денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскен әйелдің жағдайын әкімдік білу керек, халық үкіметке жау емес, халықпен санасу керек дегенді жеткізіңізші” деді.
Ал Жылыой ауданы әкімдігі “Құлсары қаласында бейбіт жиналыс аяқталды” деп ақпарат таратты.
“Қала алаңы қалыпты өмірге оралды, бейбіт жиналысқа қатысушылардың шатырлары жиналды. Барлық қоғамдық орындар қалыпты режимде жұмыс істеуде” деп хабарлаған әкімдік қалада зардап шеккен тұрғындарды залалды бағалау нәтижелерімен таныстыру бойынша мобильді топтардың жұмысы жалғасып, № 20 қалалық мектеп базасында және 109 нөмірі бойынша байланыс орталығы арқылы үздіксіз консультативтік қолдау көрсетіліп отырғанын айтқан.
Әкімдік ақпараты бойынша, жергілікті мәдениет үйінде бағалау нәтижелерімен келіскен қала тұрғындары мен әкімдік арасында келісімге келу туралы шарттарға қол қойып жатыр.
Дегенмен шартқа әлі келіспегендер бар.
Облыс әкімі 20 мамыр күні Құлсарыдағы тасқыннан зардап шеккен үйлерді бағалау жұмыстары осы аптада аяқталады деді.
Ресми ақпарат бойынша, жылжымайтын мүлікті бағалау комиссиясына барлығы 2 727 өтініш түсіп, 1000-ға жуық үй апатты деп танылған.
500 тұрғынға бағалау қорытындысы туралы ақпарат беріліп, 105 тұрғын өтемақы сомасына келісіп, келісім-шартқа отырған. 105 үйдің ішінде 53-і апатты, 52-і күрделі жөндеуге жатады деп танылған.
18 мамырда Құлсары қаласының «Болашақ» ықшамауданында 150 үй салынады деп жоспарланса, қазір 70 үйдің құрылысы басталды.
Бұдан бөлек, тасқыннан зардап шеккен 301 кәсіпкерге келтірілген шығынды өтеу бойынша өтініш түскен.
Тасқыннан қырылған мал басына өтемақы төлеу 21 мамырда басталды. 150 АЕК мөлшеріндегі мүліктік залалды өтеуге 2 707 өтініш түсіп, оның ішінде 400-ден астам қорытындысы дайын болған.
ПІКІРЛЕР