Accessibility links

Шымкент соты "ұлт араздығын қоздырған" зейнеткердің бас бостандығын екі жылға шектеді


Зейнеткер Қалима Жапарова сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 24 мамыр 2024 жыл.
Зейнеткер Қалима Жапарова сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 24 мамыр 2024 жыл.

24 мамыр күні Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты “ұлт араздығын қоздырды” деп айыпталған зейнеткер Қалима Жапарованы кінәлі деп танып, бас бостандығын екі жылға шектеді. Жапарова сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Судья Мадияр Әбдірасилов 63 жастағы Қалима Жапарованы Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабымен (174-бап) кінәлі деп таныды. 7 айдан бері қамауда жатқан зейнеткер сот залынан босатылды.

Оның қамауда жатқан бір күні жаза мерзімінің екі күніне есептелінді. Судья жаза тағайындау кезінде сотталушының жасы мен денсаулығы ескерілгенін атап өтті.

“Украина жасасын!” деді Жапарова сотта.

23 мамыр күні прокурор жарыссөзде Қалима Жапарова 2020 және 2023 жылдары Шымкентте қоғамдық көлікте орыс ұлтының өкілдеріне "араздықты қоздыратын сөз айтқанын" жеткізген. Жапарова Ресейдің Украинаға шабуылын айыптағанда "фашистер", "оккупанттарға өлім" деген сияқты тіркестер қолданып, олардың "ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасаған".

Былтырғы оқиғадан соң өзінің құқығы бұзылғанын айтқан Ада Липинская полицияға арызданған, айғақ ретінде оқиға кезінде түсірілген видеожазбасын да ұсынған. Бірақ кейін ол айыпталушыға кешірім беріп, істің қысқаруына қарсы емесін де айтқан.

Тергеуші оқиғаның жай-жапсарын анықтау барысында Жапарова "2020 жылы да дәл осылай ұлт араздығын қоздыратын заңбұзушылыққа барды" деген айғақ тауып, іске қосқан. Прокурор зейнеткерді сол айғақ негізінде 4 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

“Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабымен қозғалған қылмыстық іс экстремистік қылмысқа жатады. Заң бойынша сот тергеуі жәбірленушінің арызынсыз тергеледі” деді судья Әбдірасилов сот үкімін түсіндіргенде.

Қалима Жапарова жарыссөзде тағылған айыпты мойындамайтынын, тек "Ресей оккупанттарының Украинаға шабуылын айыптағанын" жеткізген. Ол соттан өзін ақтап, сот залынан босатуды сұраған.

63 жастағы Қалима Жапарова 2023 жылдың қазан айында қамауға алынған. Қазақстандық құқыққорғаушылар оны сот санкциясымен қамауда жатқанда “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Жапарова Ресейдің Украинадағы соғысына наразылық белгісі ретінде үйінің алдыңғы жағын Украина туының түстеріне бояған. 2020 жылы полиция келіп, онымен сөйлесіп, Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынас мәселесіне қатысты өз пікірін білдіруді тоқтатуды талап еткен.

2020 жылдың 22 ақпанында Қазақстандағы екі оппозициялық топ билікке қарсы наразылық өткізуге шақырған шақта Жапарова Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағының алдына шыққан. Бірнеше белсендімен бірге оны полиция күштеп әкеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG