Accessibility links

"Ешкімді кінәламаймын". Зеленский Орталық Азия журналистерінің сұрақтарына жауап берді


Владимир Зеленский Орталық Азия елдері журналистерінің сұрақтарына жауап беріп отыр. 24 мамыр 2024 жыл.
Владимир Зеленский Орталық Азия елдері журналистерінің сұрақтарына жауап беріп отыр. 24 мамыр 2024 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский Харьковте Орталық Азия журналистеріне арнап брифинг өткізді. Ол өңір басшыларының саясатына тоқталып, алда болатын Бейбітшілік саммиті туралы айтты.

Брифинг Харьковтегі Ресейдің бомбалауынан қираған ғимараттардың бірінде өтті. Украина президенті қазіргі геосаяси жағдай, Орталық Азия елдерінің рөлі жайлы ой бөлісті.

БЕЙБІТШІЛІК САММИТІНЕ ШАҚЫРУ

Владимир Зеленский Орталық Азия елдері сөз жүзінде бейтарап қалғанымен, іс жүзінде Кремль позициясын қолдап отыр деп есептейді.

— Сіздердің басшыларыңыз тепе-теңдік сақтап отырған жоқ. Олар Кремльден қорқып, “орыстардың тарабын” көбірек қолдап отыр, — деді Зеленский.

Зеленский Орталық Азия басшыларын 15-16 маусымда Швейцарияда өтетін Бейбітшілік саммитіне шақырған.

— Ешкімді кінәламаймын. Біз өз таңдауымызды жасадық, күресіп жатырмыз. Жай ой бөлістім. Мысалы, Бейбітшілік саммитін ұйымдастырып, алғашқы қадам жасадық. Сәбидің алғашқы қадамы сияқты шалалау болуы мүмкін, бірақ бұл бастаманы қолдау керек. Өйткені дұрыс қадам. Соғысқа емес, алға, бейбітшілікке жетелейтін қадам.

Тағы бір мысал келтірейін: бүкіл әлем басшыларын шақырдық. Бұрын бір үстел басында отырмаған кісілер де бар. Әркімнің өз мүддесі бар, біреулер санкция салды, біреулер оны қолдамады. Бәрін шақырдық. Орталық Азия басшыларына да хабар бердік. Оларды саммитте көргіміз келеді, — деді Зеленский.

Украина президентінің пікірінше, Бейбітшілік саммитін бүкіл әлем басшылары қолдауы керек.

— Қорқатын несі бар? Саммитте [Ресей президенті Владимир] Путиннің болмайтыны ғана қорқынышты. Путин осы үшін Орталық Азияның бір еліне танкімен басып кіруі мүмкін бе? Жоқ. Бұл аз. Ендеше саммитке қатысудан бас тартқандар неден қорқады? Кремльмен қарым-қатынасына нұқсан келеді деп уайымдайды. Бұл соғысты тоқтатуға көмектеспейді. Орталық Азия елдерінің бірінде біздегідей соғыс болса, халық өзін қолдамаған немесе қолдаса да, қосылмаған елдерге қалай қарар еді? Қандай агрессор болсын, оған қарсы жалғыз соғысуды елестетіп көріңізші. Бұл әлжуаздық сияқты. Орталық Азия елдерінің басшылары міндетті түрде саммитке қатысқанын қалаймыз, — деді Украина президенті.

15-16 маусымда Швейцарияда өтетін халықаралық конференция Италиядағы «Үлкен жетілік» кездесуінен кейін болады. Бейбітшілік саммитіне 160 мемлекет пен халықаралық ұйым өкілдері шақырылған. Олардың арасында Ресей жоқ. Владимир Зеленский “Мәскеу процестің шырқын бұзғанын қаламаймыз” деді. Украина Ресей өкілдерін араға кісі салып, келесі кезеңдегі келіссөздерге шақырмақ.

Мәскеу «Швейцариядағы саммитке шақырса да, бармас едік» деді. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров “Мәскеу Украинаның «бейбітшілік формуласын» қабылдауға дайын емес” деді. Киев халықаралық деңгейде мойындалған территориясынан Ресей әскерін толық шығаруды талап еткен.

Швейцарияға Орталық Азия елдерінің президенттері бара ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ

Владимир Зеленский Орталық Азия журналистерінің сұрақтарына жауап беріп, тәуелсіздік мәселесін көтерді.

— Қазір тәуелсіздік үшін ауыр күресті бастап өткеріп жатырмыз. Тіл, мәдениет туралы айтқандарымыз жай сөз емес. Азаттық бірінші адамның санасында болады. Еркін адам екеніңді сезесің. Бұл өте маңызды: өз алдыңа өмір сүріп, қайда тұрып, қандай жұмыс істеп, кімді сүйетініңді өзің таңдайсың. Еркіндік құнды. Тәуелсіздікке жол — осы сияқты.

Әр ел еркіндікті өзінше түсінеді. Кейін тәуелсіздік үшін украиндар сияқты азапты жолмен күрескіңіз келмесе, еркіндік жолын бүгіннен бастауға кеңес беремін. Достық пен құрметтен аспай, ешкімге байланбай, не істеп, не қоятыныңды шешіп, қысым көрсететін “үлкен ағаның” бір бөлігі болмай, еркін өмір сүру керек, — деді Украина басшысы.

Оның пікірінше, тәуелсіздік – экономикалық дамудың маңызды факторларының бірі. Ол үшін табиғи ресурстарға бай мемлекет болу міндетті емес.

— Барлық елде бірдей пайдалы қазбаның мол қоры жоқ. Энергетикалық ресурсы болмаса да, технология көмегімен әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекетіне айналған елдер бар. Өйткені олар — тәуелсіз. Табысы ештеңеге тәуелді емес. Ақшасын бірінші кезекте, халқының білімі мен еркіндігіне құяды. Азаматтары жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін мемлекет құруға тырысады. Сонда халық өз азаматтығын, төлқұжатын, туын құрметтеп, мақтан тұтады, — деді Владимир Зеленский.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БЕЙТАРАП ПОЗИЦИЯСЫ

Ресей Украинаға басып кіргенде Орталық Азия елдері бірден бейтарап позицияда қалатынын жариялады.

Соғыс басталғанына бір апта толғанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мен Киевті келіссөзге шақырды. Кейін Астана Украинаның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеді. Қазақстан әуел бастан соғысты «соғыс» деп атап, Ресейге қарсы санкцияларды бұзбауға уәде берген.

2022 жылы ақпанда Қырғызстан да Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңді бейбіт жолмен шешуді ұсынған. 2022 жылы сәуірде президент Садыр Жапаров Украинадағы соғысты арнайы операция емес (Ресей Киевке қарсы басқыншылығын осылай сипаттайды) «соғыс» деп атады. Ол “Қырғызстан бейтарап позиция ұстанады” деді.

2022 жылы 25 ақпанда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев пен Ресей басшысы Владимир Путин осы тақырыпта телефон арқылы сөйлесті. Ертеңіне Мирзияевтің баспасөз хатшысы Өзбекстан Ресей-Украина кикілжіңінде бейтарап позицияда қалады деп мәлімдеді.

Тәжікстан басшылары Украинадағы соғыс жайлы 2023 жылдың ақпанында – соғыс басталғаннан кейін бір жылдан соң бір-ақ пікір білдірді.

Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин “Душанбе соғыстың тезірек аяқталғанын қалайды, Тәжікстан Ресеймен де, Украинамен де дос” деді. Ол Ресейде жүрген тәжік азаматтарына соғысқа қатысуға тыйым салды.

Қырғыз және тәжік мигранттары Украинаның оккупацияланған территорияларындағы жұмысқа жиі шақырылады.

Түркіменстан сыртқы саясатта болып жатқан мәселелерге ешқашан пікір білдірмейді. Ашғабат 20 жылдан бері — бейтарап позицияда. Жергілікті ақпарат құралдары Тәжікстанның Ресейді қолдайтынын айтады. Азаттықтың Түркімен қызметі шенеуніктер жиналыста Украинадағы соғысқа Батыс елдерін кінәлайтынын жазған.

XS
SM
MD
LG