Accessibility links

Израиль әскері Газа секторындағы Рафах орталығына кірді


Израиль әскері Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласының орталығына кірді. Бұл жөнінде оқиға орнынан NBC журналистері және куәгерлер сөзіне сүйенген Reuters агенттігі хабарлады. Олар Әл-Ауда мешіті маңына танкілер тұрғанын айтқан.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Рафахта операциясын жалғастырып жатқанын хабарлады, алайда қала орталығына қарай жылжығаны жөнінде пікір білдірмеді. Хабарлама бойынша, Израиль әскері түнде Египет пен Газа секторы шекарасында буфер аймағы саналатын Филадельфия дәлізінде жүрген.

Рафах тұрғындары Израиль әскері түнде "әуеден шабуылдап, қаланы танкіден атқылағанын" айтты. Израиль қорғаныс армиясы қалада "террористік нысандарға қарсы жедел іс-шара" өткізгенін, оны "барлау деректері көрсеткенін" мәлімдеді.

"Әскер террористермен жақын қашықта шайқасып, сол аймақтан туннель шахталарын, қару-жарақ пен басқа да террористік инфрақұрылым нысандарын тауып жатыр", – дейді ЦАХАЛ хабарламасында. Израильдің әскери және саяси басшылығы "Газа секторындағы мақсат — АҚШ пен Еуроодақ "террористік ұйым" деп таныған ХАМАС тобын жою" дейді.

  • 27 мамырға қараған түні Израиль армиясы Рафахқа шабуыл жасады, ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі кемі 45 адам қаза тапты, жүздеген адам зардап шекті деп мәлімдеді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Рафахтағы жағдайға байланысты 28 мамырда шұғыл отырыс өткізетінін хабарлады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху болған жайтты "қайғылы кездейсоқтық" деп атады.
  • Израиль ХАМАС тобының 2023 жылғы 7 қазанда елдің оңтүстігіне жасаған шабуылына қарымта ретінде Газа секторында әскери операция жүргізіп жатыр. Сол кезде 1200-ден астам бейбіт тұрғын қаза тауып, ХАМАС күштері 250-ден астам адамды Газаға кепілге алып кеткен. Израиль Рафахты "ХАМАС-тың соңғы қорғанысы" деп атайды. Politico мәліметі бойынша, америкалық барлау қызметі топ құрамының 30-35 пайызы шығынға ұшырады деп бағалайды. Газа денсаулық сақтау министрлігі Израиль операциясы басталғалы 36 мыңнан астам бейбіт тұрғын опат болып, 81 мыңнан астамы жараланған деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG