Accessibility links

Алқабилер "Дональд Трамп – кінәлі" деп ұйғарды


Дональд Трамп.
Дональд Трамп.

Нью-Йорк сотындағы алқабилер алқасы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотта өз ұйғарымын айтты. 12 алқаби мүшесінің бәрі Трампты барлық 34 айып бойынша "кінәлі" деп таныды. Үкім кейінірек, 11 шілдеде өтетін сот отырысында шығуы мүмкін деген хабар тарады.

Сөйтіп, осымен қатарынан үшінші рет Республикалық партиядан президент сайлауына түсіп жатқан Трамп сайлауға дейін сотталуы мүмкін. Сот оған айыппұл салуы немесе шартты я түрме жазасын кесуі ықтимал.

Дональд Трамп 2016 жылғы президент сайлауы алдында порноактриса Сторми Дэниэлске онымен жыныстық қатынасқа түскен-мыс деген әңгіме жөнінде ешкімге тіс жармауға көндірмек болып ақша беріп, кейін сонысын жасыру мақсатында іскерлік есепті бұрмалағаны үшін кінәлі деп танылды.

Алқабилер шешімінен соң тілшілер сұрағына жауап берген Дональд Трамп қылмыстық процесті "бұрмаланған", "масқара" деп атады. "Мұны Байден әкімшілігі саяси бәсекелесін мұқатуды көздеп жасады" деді ол.

Дональд Трампқа айып таққан Манхэттен ауданы прокуроры Элвин Брэгг прокурорлар "заң мен фактілерге сүйенді" деп, Трамптың айыптауын жоққа шығарды. "Қазір көптеген дауыс шығып жатыр, бірақ мұнда алқабилердің дауысы ғана маңызды және олар өз сөзін айтты" деді прокурор.

Республикашылдардың бірнеше танымал өкілі Дональд Трампқа қолдау білдірді. Сенаттағы республикашылдар басшысы Митч Макконелл айыптауларды негізсіз деп атады және апелляциялық сот үкімнің күшін жояды деп топшылайды.

Президент Джо Байден алқабилер шешімі жөнінде тікелей пікір білдірмеді. "Дональд Трампты Ақ үйдегі президент кабинетіне кіргізбеудің жалғыз жолы – сайлау жәшіктері", – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Қорғау тарапы үкім шыққаннан кейін шағым түсіреді деген болжам айтылып отыр. Трамп соттан өзін кінәсіз деп тануды талап еткен.

Бұл сот үкіміне байланысты жағдай қалай өрбісе де, апелляциялық сот қандай шешім шығарса да, Дональд Трампқа сайлауға қатысуға еш кедергі болмайды. Ол президент сайлауында жеңіске жетсе, тіпті түрме жазасына кесілген болса да қызметке кірісе алады, бірақ олай болуы екіталай дейді сарапшылар.

Бұл – АҚШ тарихында бұрынғы президент қылмыстық жауапқа тартылып , алқабилер оны "айыпты" деп таныған бірінші оқиға.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG