Accessibility links

Мексикадағы сайлауда Клаудия Шейнбаум алға шықты


Клаудия Шейнбаум
Клаудия Шейнбаум

Мексика орталық сайлау комиссиясы жариялаған жылдам дауыс санау нәтижесіне сәйкес, елдің келесі президенті Клаудия Шейнбаум болмақ. Ол - Мексикада президент болатын алғашқы әйел.

Кездейсоқ таңдалған сайлау учаскелерінде дауыс беру нәтижесін жылдам санау процесі болған. Шейнбаум - шамамен 59 пайыз, оппозициядан түскен оның басты бәсекелесі Ксочитль Гальвес - шамамен 27 пайыз, үшінші үміткер Хорхе Альварес Майнес шамамен 10 пайыз дауыс алған. Сайлауалды сауалнамалар мен экзит-полл нәтижесі бойынша да Шейнбаум алда тұр.

Жылдам дауыс санау нәтижесі жарияланғаннан кейін Шейнбаум жеңісі туралы айтып, өзін бәсекелестері де құттықтағанын мәлімдеді. "Мен Мексиканың алғашқы әйел президенті боламын" деді ол. Шейнбаум мексикалықтарға өзіне қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

Ол зорлық-зомбылыққа толы Мексикада бейбітшілік орнатуды, оны алуан түрлі әрі демократиялы елге айналдыруға жұмыс істейтінін атап өтті.

Шейнбаум – энергетикалық инженерия ғалымы және энергетика, экология және тұрақты даму бойынша жүзден астам жұмыстың авторы. Ол 2000 жылдың басында Мехиконың қоршаған ортаны қорғау министрі болған. Сол уақытта үкіметті Мексиканың қазіргі президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор басқарды. 2018 жылы Шейнбаум Мексика астанасы – Мехиконың алғашқы әйел басшысы болды. 2023 жылы президент сайлауы үшін бұл қызметінен кетті.

Дауыстарды санау әлі жүріп жатыр. Мексиканың жаңа президенті 2024 жылы 1 қазанда қызметіне кіріседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG