Accessibility links

Қазақстан Киев шақырған саммитке қатысу мәселесін әлі қарастырып жатыр


Қазақстан биыл маусым айында Швейцарияда өткелі отырған "бейбітшілік саммитіне" қатысу мәселесін әлі қарастырып жатыр. Украинадағы соғысты тоқтату мәселесіне арналған жиынға қатысты Астана халықаралық іс-шаралар кестесі мен Қазақстанның ресми ұстанымын ескереді. Сыртқы істер министрлігі Азаттыққа берген ресми жауабында осылай деп жазған.

"Қазақстан Украинамен де, Ресеймен де тарихи жағынан бірдей тығыз саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды қолдайды. Біз мемлекетаралық қатынастарда даулы мәселелерді шешу барысында күш қолдану тәсілдеріне қарсымыз және әрқашан халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысы қағидаттары негізінде барлық елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуді жақтаймыз" деген СІМ жауабында.

Министрлік Қазақстан "Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тек қана бейбіт жолмен шешуді қолдайды" деді.

30 мамырда парламент сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев "Қазақстан "бейбітшілік саммитіне" қатыса ма?" деген Азаттық сұрағына нақты жауап бермеген еді.

Украина президенті Владимир Зеленский 24 мамырда Харьковте Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан журналистеріне берген сұхбатында биыл жазда Швейцарияда өтетін "Жаһандық бейбітшілік саммитіне" Орталық Азия елдері басшыларының қатысқанын қалайтынын мәлімдеген.

Бұған дейін "бейбітшілік саммитін" ұйымдастырушылар іс-шараға мемлекеттер мен халықаралық саяси және гуманитарлық ұйымдар атынан 160-тан астам делегацияны шақырғанын хабарлаған. Швейцария сыртқы істер министрлігі "80-нен астам мемлекет саммитке қатысатынын растады, олардың басым бөлігі – мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде" деген.

  • Қытай саммитке қатыспайтын болды, АҚШ президенті Джо Байден де Швейцарияға бармайды. АҚШ атынан вице-президент Камала Харрис пен президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан қатыспақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG