5 маусымда Қазақстан Жоғарғы соты былтыр күзде жеті жылға бостандығынан айырылған марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың өзін ақтап, босатуды сұраған кассациялық арызын қараудан бас тартты. Сот алқасы "оған негіз жоқ" деп тапқан.
Жыланбаевтың арызы бойынша жабық сот отырысы бір сағатқа созылды. Адвокат Мейіржан Досқараевтың айтуынша, белсендінің өзін сотқа қатыстырмаған. Ол Жоғарғы соттан кейін де "күресімізді тоқтатпаймыз" деді.
"Бас прокурор, кейін сот төрағасына, одан нәтиже шықпаса, Конституциялық сотқа арызданамыз", – деді адвокат Досқараев Азаттыққа.
Сот ғимаратына Жыланбаевтың оннан аса жақтасы жиналды, белсендіні қолдауға қарапайым тұрғындар мен зейнеткерлер де келді. Бір топ жақтасы залға кіргізуді талап еткенімен, сот отырысы жабық өтті.
Азаматтық белсенді Айжан Әкішева "Марат Жыланбаевқа, Думан Мұхаммедкәрімге, Әйгерім Тілеужанға, Асқар Сембайға, Қайрат Қылышевке бостандық беруін талап етеміз. Саяси тұтқындар болмауы керек!" деді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
- 2023 жылы қарашада сот тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен.
- Қазақстан билігі Жыланбаевтың шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды. Астана Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.
- 60 жастағы Марат Жыланбаев үкімге наразылық ретінде түрмеде бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді.
ПІКІРЛЕР