Accessibility links

Утилалым петициясына байланысты бірінші отырыс өтпей қалды


Алматы қаласындағы көлік кептелісі. Азаттық архивіндегі сурет.
Алматы қаласындағы көлік кептелісі. Азаттық архивіндегі сурет.

6 маусымда утилизация алымына қарсы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтпей қалды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі петиция авторы Санжар Боқаев пен оның өкілдері регламент талаптарын орындаудан және отырысқа қатысудан бас тартты деп мәлімдеді. Боқаевтың сөзінше, олар жиынды түсіруге смартфон алып кірмек болған, бірақ оған рұқсат етпеген.

Министрлік жиын өтпек болған ғимарат "стратегиялық нысанға" жатады, сондықтан оған ұялы телефон алып кіруге болмайды, келушілер смартфонды кіреберісте қалдыруға тиіс деп хабарлады.

Министрлік өкілі жиынды түсіретін камералар болады десе де, Боқаев "билік өзіне ғана тиімді нұсқасын береді" деп келіспеген.

"Телефонсыз кірмейміз, себебі [отырысты] қоғамға көрсетуіміз керек, біз олардың талап-тілегін айтуға келдік. Олармен оңаша бірнәрсеге келісім жасасқымыз келмейді, біз – халық атынан сөйлесетін адамдармыз", – деді Боқаев желіде жариялаған видеосында.

Петицияны қарайтын комиссия құрамына қарсылық білдірген Боқаев оған басқа сарапшыларды қосуды талап етті. Қоғам белсендісі онда мәдениет вице-министрі жүр, бірақ ұлттық экономика вице-министрі жоқ дейді. Ол "утилалым – ұлттық экономика мәселесі" екенін айтты.

Өнеркәсіп министрлігі жұмыс тобы құрамына парламент депутаттары, өнеркәсіп және құрылыс, экология және табиғи ресурстар, қаржы, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыш өнеркәсібі, мәдениет және ақпарат вице-министрлері, сыртқы істер министрінің орынбасарлары, басқа да мүдделі мемлекеттік орган өкілдері кірген.

"Жұмыс тобы құрамына қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының, өнеркәсіп саласының өкілдері, сондай-ақ утилизация алымын жоюды жақтаушылар С.Боқаев, Е.Кулбасов, Д.Макешов, Д.Салыков және басқа да азаматтар қосылды" деп жазды өнеркәсіп және құрылыс министрлігі. Министрлік хабарламасында алдағы уақытта конструктивті диалог күтетінін мәлімдеді.

Петиция авторы Санжар Боқаев егер билік егжей-тегжейлі талдау жасамай объективті шешім қабылдамаса, референдум өткізуге қол жинай бастайтындарын және үкіметтің қызметтен кетуін талап ететіндерін айтты.

  • Мамырдың аяғына қарай Қазақстанда шетелден әкелген көліктерге төленетін утилизация алымына қарсы петицияға қол қойғандар 50 мыңнан асқан. Заңға сәйкес, бұл талапты үкімет қарастыруға міндетті.
  • Утилалымға наразы топ бұған дейін министрдің қызметтен кетуін талап еткен. Оған жауап ретінде 24 мамырда министр Қанат Шарлапаев қарсы тарапты "сырттан көлік әкелетін алып-сатарлар" деп атап, алым жойылмайтынын айтқан.
  • 2015-2022 жылдар аралығында автокөліктердің утильалымын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар "Оператор РОП" ЖШС алып келген. 2020 жылдың басындағы дерек бойынша, үш жылда компания есеп-шотына 220 миллиард теңге түскен. Қанды Қаңтар оқиғасынан соң президент Тоқаев "Оператор РОП" компаниясының жұмысын тоқтатуды бұйырды. Артынша оның атқарып келген міндеті "Жасыл даму" компаниясына өтті.
  • 2023 жылы Астана соты "Оператор РОП" компаниясының бұрынғы басшылары мен бұрынғы экология министрінің орынбасарын 7 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыруға үкім шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG