Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары. Оқу орындарында "Қазақстан тарихы" әлі де толық оқытылмайтын, қосымша пән кезі. Азаттық радиосы сол уақытта апта сайын дерлік жазушы Мұхтар Мағауиннің үнімен "Қазақ тарихы беттерінен" атты тізбекті хабарын эфирге ұсынды. Хабар кейін кітапқа айналды, бірнеше мәрте қайтара басылды, басқа тілдерге де аударылды.
Жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы, естеліктері, әдеби шығармалары және ой-пікірі қоғамда жиі талқыланатын Мұхтар Мағауин бұл күндері Түркияда тұрады.
ЭФИРДЕГІ ДӘРІС
Таяуда Алматыда жазушы Мұхтар Мағауиннің 26 томдық толық шығармалар жинағы баспадан жарық көрді. "Қазақ тарихының әліппесі" соның 19-томына енгізілген. Оқырманға дұғай сәлем жолдап жазған кіріспесінде автор мынандай дерек айтады:
"1992 жылы күзде Азаттық радиосының қазақ әуезі ұлтымыздың байырғы тарихы туралы сабақтас әңгімелер өткізіп беруге ұсыныс жасады. Дәл осы кезең үшін аса зәру іс болған соң, ең бастысы, уақыт жемейтін оңай шаруаға балап, ойланбай келістім. Анау бір жылдары Абай институтының студенттеріне дәріс оқыған әдетіммен екі-үш күнде жеті-сегіз сағат қатарынан сөйлеп, таспаға жаздыра салмақ болғам. Соңғы жылдары ұлтымыздың оянуы жолында үлкен қызмет атқарып келе жатқан еркін әуез өзінің ыңғайына қарай қиып, бөлшектеп, жұртшылық құлағына жеткізе жатар деп шамаладым. Өте жабайы шешім екен. Жаңа жылдың басында, арадағы келісім нақты іске көшер қарсаңда ауырмасам да ауырлаңқырап жүрген едім, әдебиетші балам [сол кезде Азаттық тілшісі болған Едіге Мағауин] өткізілмек тарихи дәрістің бір деңгейде шығуы үшін әуелі бес-он күн отырып, қағазға түсірген жөн, содан соң оқып беру ыңғайлы деген кеңес берді. Мақұл көріп, жазуға отырдым. Алғашқы әңгіме Абылайдан басталды, одан кейін ескі заманға кеттік", – деп жазады Мұхтар Мағауин.
Жазушы "Қазақ тарихының әліппесі" зерттеу емес, байыптау. Көпшілік қауымға арналған Сауат ашу сабағы", – деп айшықтай кетеді 1993 жылғы 2 қазанда "Әліппеге" жазған кіріспесінде.
Ал сол жылдың басынан бастап жазушы дәрісі Азаттық радиосы эфирінен өз даусымен тарайды. Бұл дәріс Азаттықтың "Қазақ тарихы беттерінен" тізбекті хабарына қамтылады.
Аталған кіріспеде Мұхтар Мағауин "Белгілі күндерде, шектеулі мезгілде сабақтаса жалғасқан тарихи дәріс тәуелсіз Қазақстаннан бастап, әлемнің барлық тарабындағы алаш ұлының құлағына түгел жетті. Негізгі мақсат та осы болатын", – деп жазады.
Ал Азаттықтың "Қазақ тарихы беттерінен" хабары әдетте былай басталатын.
"Өз ұлтының тарихын білу, халқының ұлттық ардагерлерін құрметтеп тану әр ел азаматының басты парызы екені аян. Өткен өмірде қазақ елін билеп-төстеген жатжұрттық отаршылар қазақ тарихын ұдайы бұрмалап келгені де белгілі", – дей келе модератор сөз кезегін авторға беретін.
РАДИОДАН БАСТАЛЫП, БАСПАЛАРҒА ЖАЛҒАСҚАН
"Қазақ тарихының әліппесі" 2024 жылы Қазақстанда жарық көрген жазушының 26 томдық толық шығармалар жинағының 19-томына енгізіліп, дәйектемелерімен жарыққа шықты. Сол дәйектемеде кітапты шығарушы Едіге Мағауин мынандай мәлімет берген:
"Жазушының өзі айтқандай, қазақ тарихы тарабындағы "сауат ашу сабағы" шет жұрттық еркін әуез – Азаттық радиосынан бастау алады. Әуелгі әңгіме – 1993 жылғы 14 қаңтарда эфирге шықты. Содан, апта сайын берілетін тұрақты хабарға айналды. Әуелде жазушы бұл жазбаларды баспаға берем, дербес кітап жасаймын деп ойламаған еді. Бірақ шілдеден өтіп, тарихи дәріс ортадан ауған кезінде қаптал отырып, бірер айда еңбектің қалған бөлігін тәмамдап тастады және бар жазбасын жинақтап, кітап ретінде қалыптады".
Жазушы шығармаларының 19-томындағы дәйектемедегі мәліметке қарағанда, кітап болып шығар алдында "Қазақ тарихының әліппесінің" үзінділері "Қазақ әдебиеті" газеті және "Жұлдыз" журналының 1993 жылғы желтоқсан айындағы сандарында жарияланады.
"Ер-Дәулет" баспасы "Әліппені" 1994 жылы алғаш кітап етіп машақатпен жарыққа шығарғанға дейін көптеген басылымдарда үзінділері жарық көріп үлгереді. Қазақстанда ғана емес, Ресейдің Астрахань қаласындағы "Ақ арна" апталығында да кітаптың журналдық нұсқасы толықтай басылады.
"Қазақ тарихының әліппесі" екінші рет 1995 жылы "Қазақстан" баспасынан 40 мың тиражбен жарық көрген. Содан кейін де бұл еңбек жеке дара, немесе жазушының шығармалары жинағы қатарында бірнеше мәрте басылып шықты. 1997 жылы орысша аудармасы жарық көрді. Ал 2013 жылы Будапеште мажар тіліндегі аудармасы басылады.
"Шын сауат әліптің таяқ екенін айқындаумен шектелмейді. Тағылымы мол оқулық, тереңнен тартқан зерттеулер керек". Бұл сөзін жазушы осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын жазған.
"ҚАЗАҚ ТАРИХЫ БЕТТЕРІНЕН"
Аталмыш дәрістер жинағының Азаттық радиосындағы "Қазақ тарихы беттерінен" "Қазақ тарихының әліппесіне" дейінгі жолы осындай болған. Азаттық радиосы қорында сол тізбекті хабар толық сақталмаған.
"Қазақ тарихы беттерінен" хабарының "Қазақ тарихының әліппесінен" кейбір айырмашылықтары болуы да мүмкін. Автордың кітаптық нұсқаны сұрыптап, қайтадан ой елегінен өткізіп жазғаны байқалады. Өзі айтқандай, эфирдегі әңгіме әуелде Абылай хан дәуірінен басталғанымен, кітап керісінше, Қазақ ордасының құрылуынан Абылай хан дәуіріне дейінгі хронологиялық кезеңге құрылған.
Әдетте, кітаптар аудионұсқаға кейінірек көшіріліп жатса, "Қазақ тарихының әліппесі" – әуелде аудио-дәріс түрінде тарап, кейіннен кітапқа айналған еңбек. Жазушының радио арқылы тараған дәрістері кітап түрінде жарық көрген соң автордың "зерттеу емес, байыптау" дегеніне қарамастан, тарихшылар ғылыми зерттеулерінде "Әліппеге" сілтеме жасап жүр.
Азаттық радиосының 1993 жылғы 29-30 наурыз күні эфирге берілген "Қазақ тарихы беттерінен" хабарында жазушының ноғайлы тақырыбындағы дәрісі қамтылған. Төменде соның мәтіні ұсынылып отыр.
НОҒАЙЛАР ЖӘНЕ ДОСПАМБЕТ ЖЫРАУ
"Қалмақтар Жемге 1608 жылы жетеді. 1613 жылы Жайықтан өтеді. Бұл кезде Ноғай Ордасы Еділ мен Жайық бойын және соның арасындағы далалықтарды мекендейтін. Сондықтан қалмақтар мен ноғайлар міндетті түрде соқтығысуға тиісті еді.
Алайда бұл кезде Ноғай Ордасы алауыздық, өзара қырқыс нәтижесінде әбден әлсіреген еді. Бұрынғы бірлік бұзылып, Ноғай ұлыстарының әрқайсысы өз бетінше әр жерде көшіп жүрген еді. Олардың саны да азайған, бетпе-бет соғыста қалмақтарға айтарлықтай қарсылық көрсете алмайды. Ата қонысын тастап, батысқа қарай ығысады.
1643 жылғы үлкен жеңілістен соң ноғайлар Еділді біржола тастап шығады. Бұдан кейінгі уақытта олардың Қобан жақта, Азау, Қырымның маңында көшіп жүргенін көреміз. Ал Еділ мен Жайық арасында Торғауыт қалмақ хандығы орнығады. Сөйтіп, ноғайлар мен қазақтардың арасындағы қатынас мүлде үзіледі, әрқайсысының тағдыры әртүрлі болып кетеді.
Орда тіккен, ұлыс бірлігін сақтаған қазақ күн озған сайын жаңа қуатқа ие болса, саны азайған бір жақтан – қалмақ, бір жақтан терістік Кавказ халықтары қысымға түсірген ноғайлар өздерінің бір кезде саны мол, іргелі ұлыс болғанын да ұмыта бастайды.
Ақыры, 18-ғасырдың аяқ кезінде терістік Кавказдағы, Қобан мен Дондағы ноғай қоныстарына орыс жаулаушылары жетеді. Зеңбірек пен мылтық оғынан, қанды қылыштан аман өткен ноғайлардың негізгі бөлігі діні – бір, тегі бір Түркияға қоныс аударады. Ресей қол астында бөлек-бөлек ауылдар ғана қалады.
Кейін, арада қаншама заман өткен соң, 1959 жылы жүргізілген санақ бойынша Совет одағы шегінде тұратын ноғайлардың ұзын саны 38 мың екен. 1989 жылғы санақта әжептеуір өсіп, 75 мыңға жетті. Қазір түтін түтетіп, тілін, мәдениетін сақтап отыр. Бөлінгенімізге неше ғасыр өтсе де тілімізде айырмашылық жоққа тән. Аралас некеден туғандар болмаса, түріміз де бірдей. Ру, ата бөлінісі де сол баяғыша. Сұрастыра келсең, арғын да, найман да, керей мен тама, үйсін мен алшын да табылады.
Аз ғана болса да аталы жұрттан шыққан жазушылар мен тарихшылар өткенді күрсініспен еске алады. Атымыз ғана бөлек, затымыз бір деседі.
Бұл талайсыз бауырларымызға совет тұсында шартты түрдегі автономия да бұйырмапты. Аз ғана ноғайдың бір бөлігі – Дағыстанда, бір бөлігі – Қарашай-Шеркесте, бір бөлігі – Ресейдің Ставрополь өлкесінде. Сонда да келешектен күдер үзіп отырған жоқ.
Ежелгі тарихын, Алтын Орда болғанын, ноғай-қазақ болғанын, бірге көшіп, бірге қонған даңқты күндерді мақтан етеді. Сол дәуірлерде жасалған мәдени мұраларды, әдеби нұсқаларды ортақ қазына деп таниды.
Шынында да Қазақ Ордасы жаңа құрылған, Дәшті Қыпшақтың батысы мен шығысы арасы айқын жіктелмеген кезеңде жасалған әдебиет – біздің мәңгілік мұрамыз, біздің халқымыздың биік рухани өмірінің айқын көрінісі болып табылады. Осы дәуірде, қазақ – ноғай айрылмаған, аралас-құралас жүрген кезеңде өмір сүрген көркемсөз шебері, қазақ әдебиетінің қалыптасуында айрықша қызмет атқарған Доспамбет жырау болды.
Доспамбет жырау 15-ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта шенінде Азау қаласында туады. Сол кезде Донның төменгі ағысын, Азау маңын мекен еткен Кіші Орданы билеуші, әскери шонжарлар тұқымынан шыққан болашақ жырау заманы мен ортасына сай тамаша тәрбие алып өскен сияқты. Доспамбеттің бүкіл Дәшті Қыпшақты жақсы білгені, Стамбұл мен Бақшасарайда да болғаны, сақара тұрмысымен қатар мұсылман кенттерінің жайына да қаныққаны аңғарылады. Өз заманындағы талай әскери жорыққа қатысқан жауынгер жырау туыстас түрік тайпалары арасындағы қырқыстың бірінде, 1523 жылдың бас кезінде, Қажы-Тархан түбінде қаза табады. Өмірден қоштасқан сәтте Доспамбеттың жасы әлі отызға да толмаған еді.
Жорық жыршысы болған Доспамбет жырау шығармаларынан ортағасырлық жауынгер көшпендінің өр тұлғасы, ерлік кейпі көрінеді. Оның асқақ рухы, берік дәті, өмірлік мұрасы танылады. Ойлы да, сырлы Доспамбет толғаулары тақырыбы, мазмұны ғана емес, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан алғанда да соны сыпатта.
Ағарып атқан таңдай деп,
Шолпанды шыққан күндей деп,
Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп,
Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп,
Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз.
Арғымақтың талдай мойнын талдырып,
Үйде қалған арудың
Ал иіндігін аудырып, – дейді батыр жырау өзінің ерлік күндері турасында.
Қанды ұрыстан соң, жарақаттан өлерінде айтқан толғауында:
Дүниенің басы сайран, түбі ойран,
Озар сойды бұ дүние
Азаулының Аймәдет Ер Доспамбет ағадан, – дейді.
Рухы таза ортағасырлық бұл толғаудан номад жауынгердің ой өрісі, санасы, нанымы көрінеді. Жыраудың өзінің жарақаттануын, қансырап, әлі азайып, бойынан өмір кетіп бара жатқанын суреттейтін толғанысы жан толқытар терең, көз тоқтатар сұлу.
Арғымаққа оқ тиді
Қыл майқанның түбінен.
Аймәдетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан.
Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма.
Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарықшылар жоқ па екен
Жармай білте саларға?!
Жағдайсыз, жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан!..
Батыр жырау өзінің ескі дәуренін, садақ толы сәйгез оқты боратып ата, алты құлаш ақ найзаны ұсынып шанша жауын мұқатқан күндерін, Еділдің бойын ен жайлап, бейбіт тұрмыс кешкен заманын қимайды. Бұл жерде жырау өзінің көңіл-күйін дәл бере алатын мұң-зар мен арманға толы әсерлі сөздерді таба алған.
Толғау Доспамбеттің о дүниеге бет бұрып, өзін-өзі бекітуімен, өмірінің босқа өтпегендігіне сенім білдіруімен аяқталады.
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып,
Дұшпан аттым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп,
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Зерлі орындық үстінде,
Ал шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.
Бүгін соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!..
Доспамбет есімі оның архив қоймаларында сақталып, біздің заманға жеткен шығармалары күні кешеге дейін ғылымға да, қалың жұртшылыққа да белгісіз болып келді. Ұлы жыраудың сырлы толғаулары алғаш рет 1970 жылы біз теріп жинақтаған "Алдаспан" антологиясында жарияланған болатын. Жарыққа шыққан сәтінен бастап қазақ әдебиетінің сан ғасырлық тарихындағы құрметті орнын иеленді. Халқымыздың рухани қуатының белгісі ретінде жұртшылық санасына ұялады", – дейді Азаттықтың "Қазақ тарихы беттерінен" хабарында жазушы Мұхтар Мағауин.
"БІР ТАНДЫРДАН ШЫҚҚАН ХАЛЫҚПЫЗ"
Азаттық радиосы 1992 жылы қараша айындағы эфирінің бірінде Алматыда шығатын "Шалқар" газетінде жарық көрген Ресейдің Ставрополь өлкесіндегі ноғайлардың "Бірлік" ұйымының төрағасы Сұлтан Сүйіновтің хатына шолу жасаған. "Ноғай азаматы өз халқының қазіргі мүшкіл халін, азып-тозуға бет алғанын ашына жазады", – дейді Азаттық тілшісі Саясат Бейісбай.
Ал хат авторы былай жазған екен:
"Менің халқымның тарихы бай, басынан кешірген оқиғалары да ұшан-теңіз. Бұл қазақ халқымен де тығыз байланысты. Өйткені біз – бір тандырдан шыққан халықпыз. Тарих соқпағы бізді айырып жіберді. Ең алдымен, біз, ноғайлар, тентіреп кеттік. Тарихты кері бұра алмайсың. Оған өкпелеудің де қажеті жоқ. "Атайларға айып жоқ, ата сөзін айтқан соң, айрылуға ат салып, айрылысып кеткен соң". Иә, тарих соқпағы біздің ата-бабаларымыздың біреуін – оңға, біреуін солға апарып, қаңғып кетуге мәжбүр етті. Сөйтіп біздің халықтарымыздың тағдыры да әрқилы болып шықты... Бізді бүкіл жер бетіне шашыратып жіберді. Алтай мен Оралдан Донға дейінгі аралықтан біздің бабаларымыздың сүйегі шашылмаған алақандай жерді таппайсыз. 1957 жылы бізді үшке бөліп, үш құдайдың билігіне: Дағыстан, Шешен және Ставрополь өлкесінің билігіне айырып жіберді. Біздің құрып кету қаупінен туындаған зарымызды не Махачқала, не Грозный, не Ставрополь тыңдамайды. Ал бұған елеңдейтін Мәскеу тағы жоқ... Тіліміз жойылуға бет алды. Тіпті халықтың өзі құрдымның қырында тұр. Халықтың соңғы табан тірегені – оның аймағы, бабалардан қалған жері аяғымыздың астынан сырғып кетіп барады... Бауырлар-ау, бізге құрып кетудің қаупі төніп тұр ғой. Мұны сіздер білуге тиіссіздер... Мұны жазып отырған себебім – баратын жеріміздің жоқтығынан, тіпті арызымызды тыңдайтын ешкімнің жоқтығынан... Біз заңсыздықтың құрбаны болып барамыз. Біздің халықтың, ноғайлардың атауы бейне жаңғырыққа ұқсап жыраулар мен ақындардың жырында ғана сақталып қалатын түрі бар", – деп жазған ноғай белсендісі Сұлтан Сүйінов.
Бұл мәселе бүгін бұрынғыдан да өзекті бола түскен.
"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі, 63-эпизодында радио хабарының қалайша "Қазақ тарихының әліппесі" кітабына айналғанын және хабарда қозғалған ноғайлардың жағдайы туралы айтылды. Мақалада қысқаша баяндалған тақырыпты подкаст нұсқасында толығырақ тыңдауға болады.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.
ПІКІРЛЕР