Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов кешірім беруді сұрап, өтініш түсірді. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті басып алуға оқталды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға сотталған. Кешірім туралы өтініш бергенін Informburo.kz сайты ҰҚК жауабына сүйеніп хабарлады.
"Расымен де, ол 2024 жылы наурызда кешірім беру жөнінде өтінішін осы мекемеден Қазақстан президентіне жолдады" деген ҰҚК.
Комитет Мәсімовтің үстінен Қылмыстық кодекстің "Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру" және "Аса ірі мөлшерде пара алу" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын айтты.
Кәрім Мәсімов қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шығарған қаулы негізінде Астанадағы ҰҚК-нің тергеу изоляторында отыр. 2023 жылы маусымда Астананың қылмыстық істер жөніндегі апелляция соты Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы екі орынбасары – Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожиннің – жаза өтеу режимін жұмсартқан соң оларды қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстырды.
Былтыр 24 сәуірде Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті басып алуға оқталды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптап, 18 жылға қамауға үкім шығарды.
Сондай-ақ Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Өсіпов 3 жылға сотталды.
Олардың сот процесі жабық өтті, іс материалдары құпия сақталды.
Екі рет премьер-министр қызметін атқарған, президент әкімшілігінің басшысы болған, кейін ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Кәрім Мәсімов Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болды.
2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Кәрім Мәсімов ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылып, іле-шала "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша айып тағылып, қамауға алынған. Кейін оның үш орынбасары да тұтқындалды.
БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі "Мәсімовті бостандығынан жөн-жосықсыз айырғанын" айтып, Астананы істі тәуелсіз зерттеуге және Мәсімовтің құқығын бұзушыларға шара қолдануға үндеген. Жұмыс тобы "Мәсімовті шұғыл босатып, оған халықаралық құқық тәртібі бойынша өтемақы алу құқығы берілуге тиіс" деген еді.
ПІКІРЛЕР