Accessibility links

KASE: Мәскеу биржасына салынған санкция Қазақстан қор биржасы жұмысына әсер етпейді


MOEX (Мәскеу биржасы).
MOEX (Мәскеу биржасы).

Қазақстан қор биржасы (KASE) бейсенбі, 13 маусымда Мәскеу биржасына салынған санкциялар KASE мен оның клиринг орталығының қызметіне әсер етпейді деп хабарлады.

Бір күн бұрын АҚШ қаржы министрлігі Мәскеу биржасын санкцияның жаңа тізіміне енгізген. Шетел активтерін бақылау басқармасы (OFAC) тізімінде Мәскеу биржасына қарасты Ұлттық клиринг орталығы да бар. Мәскеу биржасы АҚШ қаржы министрлігі салған санкцияға байланысты 13 маусымнан бастап доллар мен еуро саудасын тоқтататынын мәлімдеді.

"OFAC-тың 14024-жарлығына сәйкес, тұлға SDN тізімінде болса, тура не жанама түрде бақылайтын акциялардың/үлестердің 50 пайызын не одан көбін жеке немесе санкциядағы басқа тұлғалар бақылайтын SDN List-тегі тұлғаларға санкция салу қаупі бар. KASE олардың қатарына жатпайды және шектеулер KASE биржасы мен оның клиринг орталығы қызметіне ешқандай әсер етпейді" деп хабарлады KASE.

SDN – АҚШ қаржы министрлігі шетел активтерін бақылау басқармасының санкция тізімі. Онда бірге жұмыс істеуге болмайтын адамдар мен ұйымдардың атауы жазылады.

Қазақстан қор биржасы мен KASE-нің клиринг орталығы әдеттегі режимде жұмысын жалғастырып жатыр деді. Биржада сауда, клиринг және есеп айырысу стандартты регламентке сай жүргізіледі.

KASE Мәскеу биржасына салынған санкцияларға байланысты арадағы іскерлік қатынасты жалғастыруды қарастыратынын хабарлады.

Қазақстан қор биржасының ақпараты бойынша, KASE-де шыққан акциялардың 13,1 пайызы Мәскеу биржасына тиесілі. Бұл 2024 жылғы 1 маусымдағы мәлімет.

12 маусымда АҚШ ресейлік тұлғаларға, компанияларға, банктер мен экономика секторларына санкция салды. Олармен байланыс орнату жанама санкцияға негіз бола алады.

Санкция тізімінде Мәскеуге Ақ үй енгізген шектеулерді айналып өтуге көмектескен Ресейдегі және басқа елдердегі компаниялар бар. Солардың бірі — 2022 жылғы 13 мамырда Қазақстанның Петропавл қаласында тіркелген "КБР-Технология" фирмасы.

2024 жылы ақпанда ресейлік "Верстка" басылымы осы компанияның жұмысы туралы жазған. Зерттеуге сәйкес, "КБР-Технология" фирмасы ресейлік "ОСТЕК" компаниялар тобына санкцияға іліккен тауарларды жеткізуге қатысқан. "ОСТЕК" – Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенін радиокоммуникциялық жабдықтармен қамтамасыз ететін маңызды ұйымдардың бірі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG