Accessibility links

"Мәскеудің қысым құралына" айналған құбырға Астана балама таба ала ма?


Қазақстан Еуропаға Ресейді айналып өтіп жеткізетін мұнай көлемін ұлғайта ала ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:15 0:00

Қазақстан Еуропаға Ресейді айналып өтіп жеткізетін мұнай көлемін ұлғайта ала ма?

Қазақстан мұнайының көбін Еуропаға тасымалдайды. Тасымалдың басым бөлігі Ресей аумағынан өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асады. Саясаттанушылар пікірінше, екі жыл бұрын Ресей Украинаға басып кіріп, геосаяси ахуал өзгергелі Кремль бұл құбырды саяси ықпалын көрсететін құралға айналдырып алды. Мәскеу қазақ мұнайы өтетін құбырды қайта-қайта жауып тастай берген соң Астана шикізат тасымалдайтын балама жол іздеді. Қазақстан Ресей құбырына тәуелдіктен арылып, мұнай тасымалдаудың балама жолын таба ала ма? Азаттық осы сұраққа жауап іздеді.

РЕСЕЙДЕГІ ҚҰБЫРҒА КІРІПТАР ҚАЗАҚСТАН

Былтыр Қазақстанда 90 млн тоннаға жуық мұнай өндіріліп, оның 70 млн тоннасы шетелге сатылды. Қазақстан осы мұнайдың 80 пайызын (56 млн тонна) Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалдайды.

Ұзындығы 1,5 мың шақырым КҚК Қазақстанның Теңіз кен орны мен Ресейдегі Новороссийск түбіндегі Қара теңіз терминалын жалғайды. Онымен мұнай айдау тез әрі оңай.

Теңіз кенішіндегі құбырға айдалатын мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы станциялар арқылы Ресей аумағымен Новороссийск жанындағы Южная Озереевка кентіндегі теңіз терминалына жеткізіледі. Ары қарай танкерге тиеліп, теңіз порты арқылы Еуропаға жөнелтіледі.

Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына – Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясының иелігінде.

Қазақстан осы құбырға 21 жыл арқа сүйеп келді. Бірақ 2022 жылы Мәскеу Украинаға басып кірген соң бәрі өзгеріп, құбыр өтетін Қара теңіз соғыс аймағына айналды. Украинаның теңіз дрондары Новороссийск терминалына жақын жерге шабуыл жасап, қазақ мұнайының тасымалдануына қауіп төнді.

Бірақ Қазақстан билігінің мұнай тасымалдайтын балама жол іздеуіне түрткі болған себеп бұл емес. Ресей билігі соғыс басталғалы Каспий құбыр консорциумы жұмысын төрт мәрте ішінара не толық шектеп тастады.

Әуелі 2022 жылдың наурызында қазақ мұнайының құбырмен экспорты алғаш рет бір айға шектелді. Ресей мұның себебін Қара теңіздегі дауылдан кейін Новороссийск портындағы терминалдардың айлақ қондырғылары істен шыққанымен түсіндірді. Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқартып, шығынға батты.

Каспий мұнай құбыры консорциумындағы судағы жабдықты ауыстыру.
Каспий мұнай құбыры консорциумындағы судағы жабдықты ауыстыру.

Бұл ақауды табиғи себеппен емес, Ресейдің қасақана әрекетімен байланыстырған сарапшылар болды. Германияның Handelsblatt басылымы мұны Ресейдің Қазақстанда мұнай өндіретін шетел компанияларына қарсы диверсиясы деп болжады. Газет "Ресей қазақ мұнайын Еуропа нарығына жеткізуді қасақана шектеп отыр. Осылайша Еуропадағы мұнай бағасын жоғары деңгейде ұстап, Ресейге санкция салған Еуроодақ экономикасына нұқсан келтіргісі келеді. Сонымен қатар Қазақстанға өз билігін көрсетпек" деп жазды.

Ұлыбританиялық Financial Times газетіне пікір білдірген Вашингтондағы ClearView Energy Partners зерттеу тобының атқарушы директоры Кевин Бук "[Каспий құбыр консорциумын] Ресей жапса, онда оның қашан ашылатынын да Ресей шешеді" деді.

2022 жылы маусымда мұнай экспорты тағы шектелді. Бұл жолы Новороссийск билігі 21 жыл бойы мұнай тиеп жүрген порттан "Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен қалған жарылғыш заттар табылды" деп хабарлады. Бұл уәжге сенгендер аз болды. Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше "Астанада ДХР" мен "ЛХР"-ды мойындамайды" деп мәлімдеген. Батыс басылымдары "Кремль соғысты қолдамағаны үшін Қазақстанды осылай – мұнай құбырын жауып жазалап отыр" деп топшылады.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петебург экономикалық форумында отыр. 17 маусым, 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петебург экономикалық форумында отыр. 17 маусым, 2022 жыл.

Сол жылы шілдеде президент Тоқаев Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишельмен телефонмен сөйлесіп, энергетикалық дағдарысты еңсеруге Қазақстан көмектесетінін мәлімдеді. Ертеңіне Новороссийск қаласының соты "экология ережесін бұзғаны үшін" консорциум жұмысын 30 күнге тоқтату туралы шешім шығарды. Кейін апелляциялық сот ол шешімді өзгертіп, консорциумға айыппұл салды.

Осылайша 2022 жылы Ресей қазақ мұнайының КҚК арқылы экспортын төрт мәрте ішінара немесе толық шектеді. Батыс басылымдары мұны Астана мен Мәскеудің қарым-қатынасы нашарлауымен байланыстырды. "Мәскеу құбырды жабу арқылы Астанаға үй қожайыны кім екенін көрсеткісі келеді" деп топшылады.

ТРАНСКАСПИЙ БАЛАМА ДӘЛІЗ БОЛА МА?

Қазақстан бюджеті мұнайға тәуелді. Қазынаға кірістің 55-65 пайызы мұнайдан түсіп отыр. Каспий құбыр консорциумының жұмысы бір айға тоқтаса, бюджет 250 миллиард теңге кірістен қағылады. Бұл – 1200 орындық 78 мектеп салуға жұмсалатын қаржыға парапар. Мәскеу КҚК арқылы мұнай экспортын бірнеше мәрте шектеген соң Астана Ресейді айналып өтетін дәліз іздеуге мәжбүр болды.

Еуропа нарығына КҚК-дан өзге мұнай жеткізудің басқа амалы – Каспий теңізі. Бірақ Каспий түбімен өтетін құбыр жоқ. Қазақстан, Түркіменстан мен Әзербайжан Каспий арқылы мұнай мен газ айдайтын құбыр салу мәселесін 2007 жылдан бастап көтергенімен, жоба іске аспады. Осылайша қазір мұнай тасымалдауға болатын балама жол – мұнайды танкерге тиеп, Каспий теңізі арқылы жеткізу.

2022 жылы президент Тоқаев "Мұнай тасымалдауда Транскаспий басым бағыт саналады. "ҚазМұнайГазға" соны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын" деді. Көп өтпей "ҚазМұнайГаз" бен Әзербайжанның Socar мемлекеттік компаниясы Ақтау-Тбилиси-Жейхан арқылы жыл сайын 1,5 млн тонна мұнай тасымалдау туралы келісімге келді.

Қазақстан билігі бұл шешімнің "саяси астары жоқ" сендіруге тырысты. Бірақ сарапшылардың ойы басқа. Орталық Азия бойынша америкалық сарапшы Уайлдер Алехандро Санчес "Мәскеу Каспий құбыр консорциумын Астананы жазалайтын тетік ретінде қолдана бастаған соң, Қазақстан Ресейді айналып өтетін жолды іздеуге мәжбүр болды" деп санайды.

– Мәскеудің Орталық Азия мен Каспий теңізі аумағындағы достары мен серіктестерін өзінен алшақтатуы қисынсыз. Бірақ Мәскеу КҚК-ны Қазақстанға қысым көрсету құралы ретінде қолданғаны анық. Қазақстан КҚК-ға тәуелділігін азайтуға тырысып жатқан себептердің бірі – осы, – дейді ол.

Содан бері не өзгерді?

2023 жылы Ақтау портынан жиынтығы 3 млн тоннадан аса мұнай тиелді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Оның 1,3 млн тоннасы Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен жеткізілді. Бұл Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданатын мұнайдың небәрі 2,5 пайызына тең.

Транскаспий дәлізі мұнай тасымалдау көлемі жөнінен бәрібір Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумына бәсекелес бола алмайды деуге болады. Біріншіден, Транскаспий энергетика дәлізімен мұнай тасымалдау ұзақ әрі бұл бағыттың өткізу қабілеті төмен.

Мұнай алдымен Каспий теңізіндегі Ақтау портынан танкерге тиеліп, Баку түбіндегі Сангачал мен Әзертранс терминалдарына жеткізіледі, ары қарай Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбырына айдалады. Жерорта теңізіндегі Түркияның Жейхан портынан мұнай Еуропа нарығына тасымалданады.

Екіншіден, Әзербайжан алдымен өз мұнайын тасымалдауға мүдделі. "ҚазМұнайГаз" наурызда Әзербайжанның Socar мемлекеттік компаниясымен келіссөз жүргізіп, құбыр арқылы тасымалданатын қазақ мұнайының көлемін бірте-бірте өсіріп, жылына 2,2 млн тоннаға жеткізу жайлы келісімге келді. Ал бұл КҚК арқылы тасымалданатын мұнай көлемінен 25 есе аз.

Қазақстанның Ақтау порты
Қазақстанның Ақтау порты

Үшіншіден, шикізатты Ақтау портынан Баку түбіндегі терминалға жеткізуге танкер жетіспейді. "ҚазМұнайГаз" бұл мәселені шешу үшін былтыр жазда 80 мың тонна дидвейт екі танкер сатып алды. "ҚазМұнайГаз" Қара теңіз бен Каспий теңізіндегі танкер санын көбейтпек. Ол үшін ұлттық компания Abu Dhabi Port Group компаниясымен бірігіп танкер жасап шығармақ. Алайда танкер салу бір күнде шешілетін шаруа емес.

– Кемені, әсіресе танкерді бір аптада жасай алмайсың, оған айлар кетеді. Ал танкер флотын жасағыңыз келсе, келісімшарт, оны салатын орын мен басқа факторларға қарай оған кемі бірнеше жыл кетеді. Сондықтан Қазақстан КҚК-ны 2024 жылы толығымен [басқа дәлізбен] алмастыра алмайды. Бұл ұзақ мерзімді дүние, бәлкім, осы онжылдықтың аяғына қарай болатын нәрсе, – дейді америкалық сарапшы Уайлдер Алехандро Санчес.

Транскаспий бағытын балама мұнай дәлізіне айналдыруға кедергі келтіретін тағы бір фактор бар. Ол – Каспий теңізінің жағалаудан алыстауы. Теңіз тартылып жатқанын жергілікті тұрғындар, белсенділер мен экологтар бұрыннан айтып келеді. Былтыр маусымда Каспийдің тарылуына байланысты Ақтауда төтенше жағдай енгізілді. Сол кездегі экология министрі Зүлфия Сүлейменова Каспий теңізі экожүйесінің жағдайы "өте күрделі" екенін айтып, тұрақты су болмаса, теңізге тартылып қалу қаупі төнетінін мәлімдеген.

Каспийдің тарылуы экологияға кері әсер етіп, жергілікті халықты экономикалық шығынға батырып қана қоймай, Транскаспий дәлізінің әлеуетіне нұқсан келтіреді. Бұл қазірдің өзінде Ақтау және Құрық порттарының жұмысына әсер етіп жатыр. Былтыр күзде көлік министрлігі теңіздің тарылуына байланысты Ақтау мен Құрық порттарының жұмысы шектелгенін мәлімдеп, теңіз табанын қазуға 40 млрд теңге керегін айтты.

Ведомство "порттар қалыпты жұмыс істеуі үшін су деңгейі 6,11 метр болуы керек" дейді. Қазір орта есеппен порт акваториясының тереңдігі – 4,9 метр. Сарапшы "билік Каспий теңізін сақтауға мән бермесе, Транскаспий дәлізін дамыту талпынысынан ештеңе өнбейді" деп есептейді.

Сарапшы Уайлдер Алехандро Санчес
Сарапшы Уайлдер Алехандро Санчес

– Лай басып, теңіз жағалаудан алыстап, аралдар көріне бастады. Бұл кеме қатынасы, кеме өнеркәсібі мен порт үшін проблема. Жаңа танкер сатып алдыңыз делік. Бұл жақсы. Отын құйылған танкер суға он метрге кіреді. Жағалау алыстап жатқандықтан, танкер тасқа, жартасқа, құмға, су астында болған кеме бөлшектеріне соғылып қалуы мүмкін. Себебі бұрынғыға қарағанда су тартыла бастады. Каспий маңы мемлекеттері Каспийді қорғау үшін жеткілікті шараларды қолға алып жатқан жоқ, – дейді Уайлдер Алехандро Санчес.

Дамымаған инфрақұрылым, өткізу қабілетінің аздығы, теңіздің тартылуы – осының бәрі Қазақстан билігі көздеген Транскаспий дәлізінің балама жол ретіндегі әлсіз тұсы. Қазақстан Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр консорциуымына тәуелдігінен таяуда арылайын деп тұрған жоқ. Бұл – Мәскеу мұнай құбырын Қазақстанға ықпал ететін тетік ретінде пайдалануды жалғастыра береді деген сөз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG