Accessibility links

Зерттеу: Грекияда өртенген арал маңында қазақстандықтар мінген яхта болған


Грекиядағы Гидра аралында болған өрт.
Грекиядағы Гидра аралында болған өрт.

Грекиядағы Гидра аралында өрт шыққанда сонда жүрген яхтаны Қазақстандағы танымал адамдар пайдаланған, өрттен кейін олар жеке ұшақпен Қазақстанға қайтып кеткен. Бұл жөнінде халықаралық журналистер зерттеуінен белгілі болды.

Грекияның ақпарат құралдары 21 маусымдағы орман өртіне Қазақстаннан барған туристердің жалға алған яхтадан отшашу атқаны себеп болды деп хабарлаған. Гидра аралында шамамен 300 мың шаршы метр аумақты өрт шарпыған. Бұл оқидан соң 13 адам қамауға алынған, олардың бәрі – гректер.

Ал Inside Story, OCCRP, "Власть" журналистері қолына түскен құжатқа сәйкес, "Персефония I" яхтасындағы қонақтар арасында жеті қазақстандық болған. Олардың арасында Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің қатарына енген Данияр Әбілғазин бар. Өрт болған күні Әбілғазин пайдаланатын жеке ұшақ Афины әуежайынан Алматыға ұшып шыққан.

Кеме құжаттарына сәйкес, яхтада Әбілғазиннің ұлы мен оның әйелі, Қазақстандағы ең ірі қайырымдылық қорларының бірінің жетекшісі Айдан Сүлейменова мен оның орынбасары болған.

Бұдан бөлек, яхтада "Халық банк" басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова мен оның күйеуі, KMG International NV мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері Бейімбет Шаяхметов пен олардың қызы болған.

Журналист-зерттеушілер яхтада болған Әбілғазин, Сүлейменова мен Шаяхметоваға хабарласқан, бірақ олар әзірге жауап бермеген.

"Теңіз бақылау деректері қазақстандықтар мінген яхтаның өрт кезінде шалғайдағы Гидра аймағының жағалауында жүзіп бара жатқанын көрсетеді, дегенмен грек билігі оларды өрт үшін айыптамады" дейді журналист-зерттеушілер.

Forbes.kz мәліметіне сәйкес, Әбілғазиннің Qazaq Oil, SinoOil және Gas Energy автожанармай құю станциялары желілерінде, бірқатар компанияда, соның ішінде PTC Operator, Petroleum, РТИ-АМӨЗ, SilkwayTransit компанияларында үлесі бар.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров аралдағы өртке байланысты Қазақстан консулы Грекия билігіне хабарласты деген еді. Оның айтуынша, полиция ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін және оларға ешқандай талап қойылмағанын хабарлаған.

Athens News Agency (ANA) мәліметінше, гректерден құралған экипаждың барлық мүшесі айыптауларды жоққа шығарған. Грек билігі яхтаны тәркілеген.

Афинының оңтүстік-батысында Сарон шығанағында орналасқан Гидра аралы шетелдік қонақтар мен яхтамен саяхаттайтын адамдар арасында танымал.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG