Accessibility links

Алматы метросының құрылысына бөлінген 5 млрд теңгені жымқырды деп айыпталғандар сотталды


Алматы метросы.
Алматы метросы.

Алматыдағы Алмалы ауданының соты қаладағы метроны салу кезінде 5 млрд теңге жымқырды деп айыпталған он адамға үкім шығарды. Бұл туралы істі тергеген транспорт прокуратурасы хабарлады.

Айыптау актісінде "Метрополитен", "Алматыметроқұрылыс", "Автоматтандыру және технологиялар қызметі" компанияларының басшылары "Сарыарқа" және "Достық" станцияларына бөлінген қаржыны жымқырғаны жазылған.

Сот негізгі айыпталушыларды 7-8 жылға соттап, мемлекеттік және қаржы мекемелерінде жұмыс істеу құқығынан айырған. Транспорт прокуратурасының хабарлауынша, айыпталушылардан құны 1 млрд теңгеден асатан мүлік тәркіленіп, мемлекет пайдасына берілген.

Ресми хабарламада айыпталушылар 2018 жылдың маусымы мен 2022 жылдың тамызы аралығында құралдардың бағасын он еседей асыра көрсетіп, өтірік фирмалар арқылы ірі көлемде ақша ұрлағаны айтылады.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Транспорт прокуратурасы сотталғандардың есімін жарияламады.

Алматы метросының "Сарыарқа" және "Достық" бекеттерін салу 2015 жылы шілдеде басталған еді. Кейін құрылыс бірнеше рет баяулап, екі станция 2022 жылы мамырда пайдалануға берілген.

2019 жылы қарашада "Алматыметроқұрылыс" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимов "ақша жымқыру" және "алаяқтық" бабымен ұсталған еді. Бірақ метро салып жатқан жұмысшылар Реимовтің ұсталғанына қарсы шыққан. Олар Реимовтің күрделі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарғанын айтып, оның ұсталуы "Сарыарқа" және "Достық" бекеттерінің құрылысының тоқтап қалуына әсер ететінін айтқан. Қайрат Реимов те өзіне қозғалған істі "тапсырыс" деген. Кейін Реимовке қозғалған іс тоқтағаны жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG