Accessibility links

Киев Астанадан Садықовқа қастандық жасады деген күдіктілерді сұрамақ


Айдос Садықовтың көлігі. Белсендіні осы көлікте отырғанда атып кеткен.
Айдос Садықовтың көлігі. Белсендіні осы көлікте отырғанда атып кеткен.

Украина бас прокуратурасы Қазақстан билігінен Киевте оппозиция белсендісі Айдос Садықовқа қастандық жасады деп күдікке ілінген адамдарды сұрамақ.

Украина бас прокуроры кеңсесі Қазақстанның құзырлы органдарына жолдау үшін тиісті құжаттар дайындап жатқанын хабарлады.

Украина прокуратурасының мәліметі бойынша, қастандыққа күдікті қазақстандықтар Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев қылмыс жасалған күні Украина аумағынан шығып кеткен. Киев Жақанбаев пен Қаратаевқа халықаралық іздеу жариялаған.

22 маусымда Қазақстан Бас прокуратурасы Жақанбаевтың ұсталғанын хабарлады.

26 маусымда Азаттық ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтан "Қазақстан Садықовқа қастандық жасады деп күдікке ілінген адамдарды Украинаға бере ме?" деп сұраған. Қожаев "егер сұраса, бұл заң аясында шешіледі" деп жауап берді.

Вице-министр күдікті Алтай Жақанбаевтың қалай ұсталғаны жайлы сұрақты жауапсыз қалдырды. Ол "Жақанбаевтың арнайы қызметте істегені рас па?" деген сұраққа "менде ондай мәлімет жоқ" деп қысқа қайырды.

Қожаев "Жақанбаев Украинаға неге барғанын түсіндірді ме?" деген сұраққа "сотқа дейінгі тергеу сатысында ешқандай мәлімет жария етілмейді, бұған заң тыйым салған" деді. Вице-министрдің айтуынша, күдікті Мейрам Қаратаев әлі іздестіріліп жатыр. Қожаев "оның полициядан кеткен соң қайда істегенін білмеймін" деді.

  • Ішкі істер министрлігі Қаратаев 2019 жылы қаңтарда ішкі істер органынан жұмыстан босатылған, қазір полицияда қызмет атқармайды деп мәлімдеген.
  • YouТube желісіндегі "Бәсе" арнасы авторларының бірі Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында көлікте отырған кезінде атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалды, қазір ол Киевте ауруханада жатыр.
  • Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана бұл оқиғаны тексеру кезінде Киевпен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеген. Қазақстан Бас прокуратурасы Тоқаевтың тапсырмасымен Садықовқа жасалған қастандықты тергеуді бастаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG