Accessibility links

"Кез келген құрамамен ойнауға болатынын көрсеттік". Грузия Португалияны жеңіп, Еуроның 1/8 финалына шықты


Грузия құрамасы жеңіске жеткен сәт. Гельзенкирхен, 26 маусым 2024 жыл.
Грузия құрамасы жеңіске жеткен сәт. Гельзенкирхен, 26 маусым 2024 жыл.

Футболдан Германияда өтіп жатқан Еурода Грузия құрамасы топтағы қарсыласы Португалияны 2:0 есебімен жеңіп, алғаш қатысып жатқан Еуроның плей-офф кезеңіне шықты. Бұл – Еуропа біріншілігіндегі сенсациялардың бірі.

"ГРУЗИЯ ЖЕҢІСКЕ ЛАЙЫҚ БОЛДЫ"

F тобындағы соңғы матчта Португалия мен Грузия, Түркия мен Чехия кездесті. Алғашқы ойындарда Чехия мен Түркияны жеңген Португалия плей-офф кезеңіне шығу мәселесін шешіп қойған. Бірақ соған қарамастан Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы Грузиямен ойында да фаворит болған еді.

Гельзенкирхенде өткен матчтың 5-минутында Хвича Кварацхелия есеп ашса, 57-минутта Жорж Микаутадзе пенальтиден есепті еселеді. Португалия ойын соңына дейін гол сала алмады. Осылайша Грузия тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Хвича Кварацхелия (7) Португалиямен ойында. Гельзенкирхен, 26 маусым 2024 жыл.
Хвича Кварацхелия (7) Португалиямен ойында. Гельзенкирхен, 26 маусым 2024 жыл.

Алғашқы голдың авторы Хвачи Кварацехлия ойыннан кейін "бүгін бір ойыншыны бөле жаруға болмайды, біз команда болдық және ойнай алатынымызды дәлелдедік. Бүгін бақыттымыз, бірақ ертең келесі матч жайлы ойлауымыз керек. Бізді қолдаған жанкүйерлерге де алғысымыз шексіз" деді.

Ал Португалия құрамасының Роберто Мартинез "Бұл – жеңіліс. Ойынды өте баяу бастадық, матч басында гол өткізіп алдық. Дәл осы Грузияға керек болды. Бізге қақпа алдындағы пастарда дәлдік жетіспеді, ал қарсыластың қақпашысы мықты ойнады. Гол салуға тырысқанызбен, нәтиже шықпады. Осыдан соң Грузияның сенімділігі артты. Олар жеңіске лайықты болды" деді UEFA сайтына.

Португалия лидері Криштиану Роналду Грузиямен ойында. Гельзенкирхен, 26 маусым 2024 жыл.
Португалия лидері Криштиану Роналду Грузиямен ойында. Гельзенкирхен, 26 маусым 2024 жыл.

Грузия құрамасының бас бапкері франциялық маман Вилли Саньоль матчтан кейін "футболшыларына ризашылығын білдірді".

"Бұл құраманы жаттықтыратыныма мақтанамын. Еуропа чемпионаты алдында Грузия жанкүйерлерін қуантқымыз келген. Сол қолымыздан келді деп ойлаймын. Бүгін ойыншылар алға қойған мақсаттарын асыра орындады" деді ол.

Енді Грузия құрамасы 1/8 финалда Испаниямен ойнайды. Бір қызығы, Грузия мен Испания Еуро-2024 додасының іріктеуінде бір топта болған. Іріктеудегі екі ойында да Испания (7:1, 3:1) жеңген еді.

Грузия ойыншысы Хвича Кварацхелия матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында "Испания да Португалия сияқты мықты құрама. Бірақ бүгін біз Португалияны жеңу арқылы бәрімен де ойнауға, жеңіске жетуге болатынын көрсеттік. Еуропа чемпионатында осал команда жоқ, сондықтан Испаниямен ойында да барымызды саламыз" деді.

F тобындағы екінші матчта Түркия Чехия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп (Гамбургте ойнады), бұл елдің құрамасы да келесі кезеңге жолдама алды. Қорытынды бойынша F тобынан Португалия, Түркия және Грузия 1/8 финалда ойнайды, Чехия жарысты аяқтады.

Еуропа чемпионатының регламентіне сай, әр топтан 1-2 орын алған құрамалар топтан бірден шығады. Ал үшінші орын алған төрт құрама ұпай және доп айырмасымен плей-офф кезеңіне өтеді.

F тобындағы ойындар

  • Түркия - Грузия 3:1
  • Португалия - Чехия 2:1
  • Португалия - Түркия 3:1
  • Чехия - Грузия 1:1
  • Грузия - Португалия 2:0
  • Түркия - Чехия 2:1

Сонымен Еуро-2024 додасының 1/8 финалындағы қарсыластар былайша түзілді:

1/8 финалдағы жұптар

30 маусым: Испания - Грузия

29 маусым: Германия - Дания

1 шілде: Португалия - Словения

1 шілде: Франция - Бельгия

2 шілде: Румыния - Нидерланды

2 шілде: Австрия - Түркия

30 маусым: Англия - Словакия

29 маусым: Швейцария – Италия

ГРУЗИЯНЫҢ ЕУРОДАҒЫ ЖОЛЫ

Грузия Еуропа чемпионатына іріктеуді сәтті өткізді дей алмаймыз. Испания, Шотландия, Норвегия, Кипр бар топтан төртінші орын алған (Кипрді екі рет жеңіп, Шотландия және Норвегиямен бір-бір реттен тең түсіп, қалған ойындарда жеңілген). Бұл топтан Испания мен Шотландия Еуроға тікелей жолдама алған еді.

Грузия жанкүйерлері Португалиямен ойында. Гельзенкирхен, 26 маусым 2024 жыл.
Грузия жанкүйерлері Португалиямен ойында. Гельзенкирхен, 26 маусым 2024 жыл.

Ал Грузия Ұлттар лигасындағы нәтижесіне қарай қосымша іріктеуге қатысуға мүмкіндік алған. Құрама алдымен Люксембургті 2:0 есебімен жеңіп, кейін шешуші матчта Тбилисиде Грекияны пенальтиден ұтып кетті. Осылайша Грузия тарихта алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама алған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG