Accessibility links

Комиссия Кәрім Мәсімовке кешірім бермеді


Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов.

Президент жанындағы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке кешірім бермеді. Бұл туралы 28 маусымда мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Азаттық сөйлескен комиссия төрағасы, мәжіліс депутаты Марат Башимов бұл ақпаратты растады.

"Комиссия оның ұсынысы бойынша кешірім бермейміз, "сот жүйесі дұрыс шешім шығарды" деді. Президенттің өз жарлығы шығады, оған өзінің ғана құқығы бар. Біздікі – жай ғана ұсыныс. Отырысты кеше өткіздік, енді оның бюрократиясы бар, қағаз жинап, қол қою қажет. Президентке бүгін жолдануы керек" деді Башимов Азаттыққа.

Қаңтар оқиғасынан кейін "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті басып алуға оқталды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға сотталған Мәсімовтің президент Тоқаевтан кешірім беруді сұрап, өтініш түсіргені 10 маусымда белгілі болды. ҰҚК ақпаратынша, Мәсімов өтінішті 2024 жылы наурызда жолдаған.

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспанның айтуынша, президент Тоқаев Мәсімовтің кешірім беруді сұраған өтініші бойынша тиісті жарлықты бүгін не ертең шығаруы мүмкін

"Комиссия қандай негізде кешірім беруден бас тартты?" деген сұраққа Құспан былай жауап берді.

"Ол жерде негіздер көрсетілмейді. Комиссия [өтінішті] дауысқа салады, соның нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Бірақ ол президенттің жарлығымен рәсімделеді. Әдетте комиссия шешімінен кейін президент тиісті жарлыққа қол қояды. Қалыптасқан үрдіс солай" деді ол. Мәжіліс депутатының айтуынша, комиссия шешімді 27 маусымда шығарған.

Бұған дейін ҰҚК Мәсімовтің үстінен "Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру" және "Аса ірі мөлшерде пара алу" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Былтыр 24 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті басып алуға оқталды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптап, оған 18 жыл түрме жазасын кескен.

Сондай-ақ Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Өсіпов 3 жылға сотталды.

Олардың сот процесі жабық өтті, іс материалдары құпия сақталды.

Екі рет премьер-министр қызметін атқарған, президент әкімшілігінің басшысы болған, кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Кәрім Мәсімов Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болды.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы қызметінен босатылып, іле-шала "Мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша айып тағылып, қамауға алынған. Кейін оның үш орынбасары да тұтқындалды.

БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі "Мәсімовті бостандығынан жөн-жосықсыз айырғанын" айтып, Астананы істі тәуелсіз зерттеуге және Мәсімовтің құқығын бұзушыларға шара қолдануға үндеген. Жұмыс тобы "Мәсімовті шұғыл босатып, оған халықаралық құқық тәртібі бойынша өтемақы алу құқығы берілуге тиіс" деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG