Accessibility links

Қарағанды соты оқушы қызды орамалына бола мектептен шеттетуді заңсыз деп таныды


Мектеп әкімшілігі қарағандылық он үш жастағы Әнелді орамал тартқаны үшін сабаққа кіргізбей қойған.
Мектеп әкімшілігі қарағандылық он үш жастағы Әнелді орамал тартқаны үшін сабаққа кіргізбей қойған.

28 маусымда Қарағандының әкімшілік соты 2023 жылы қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебі әкімшілігі оқудан шығарып жіберген жасөспірім қыздың әкесінің талап-арызы бойынша шешім шығарды. Діни наным-сеніміне байланысты басына ақ орамал тартқан 13 жастағы Әнелді мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған, кейін оқудан шығарып жіберген еді.

Оқушы қыздың әкесі Болат Мусин жарты жылдан астам уақыт бойы түрлі мемлекеттік мекемелерге, соның ішінде сот органдарына жүгініп, баласын мектепке қайта қабылдауды талап еткен.

Сот орындары талапкерді бір-біріне жұмсап немесе түрлi сылтау айтып, оның арызын қарауды кейінге қалдырып келген. Сөйтіп жүріп ақыры оқу жылы аяқталғаннан кейін әкiмшiлiк iс бойынша тыңдау өткізуді ұйғарған.

Оқушының ата-анасының талап-арызын бір-ақ күнде қарап, осы іс бойынша тараптардың ұстанымын тыңдап, оқушы қыздың қалай киінгенін, басындағы орамалдың пішін қандай екенін қарай келе, талап-арызды ішінара қанағаттандыру жөнінде шешім шығарды: оқушыны мектептен шығару туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жойды, ал мектеп әкімшілігін оқушыны мектепке қайтаруға және 8 сыныпқа ауыстыруға міндеттеді.

"Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ғой, сол құқықтарымыз шектелетіні, әсіресе елге пайдасы тиетін дарынды балаға осылай жасағаны көңілге қаяу түсіреді", – деді сотта Болат Мусин.

Сот осы іс бойынша ұйғарымын жариялаған кезде, Қазақстан Конституциясында тегін әрі міндетті орта білім алуға кепілдік берілгенін уәжге келтірді. Бірақ сот мектеп әкімшілігінің балаға қолданған тәртіптік шараларын – ескертулер мен сөгістерді заңсыз деп танудан бас тартты.

Сотқа жауапкер ретінде қатысқан мектептің өкілі оқушының шығару заңсыз болғанын айтқаннан басқа ешқандай дәлел-уәж келтірмеді. Ол соттан талапкердің өтінішін орындамауын сұрап, ата-ана баласының мектепке тиісті киім киіп баруын қадағалауға міндетті екенін айтып, хиджап пен орамал мектеп формасына жатпайды деді.

Сотта мүдделі тарап ретінде сөйлеген Оқу ағарту министрлігінің өкілі бұл даудың төрелігін сот айтсын деп мәлімдеді.

Осыдан бірнеше күн бұрын Павлодар облысында да сот 6-шы және 9-сыныпта оқитын екі қыздың анасының талап-арызын қанағаттандырып, оларды сабаққа кіргізбей қойған мектеп әкімшілігінің іс-әрекетін заңсыз деп тапқан. Сот мектеп әкімшілігіне ол екі қыздың сабаққа қатысуын қамтамасыз етуді міндеттеген. Бұл даулы іске Ақсу қаласының білім бөліміне қарасты Қалқаман ауылындағы мектеп жауапкер ретінде қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG