Accessibility links

Швейцария сауатты ойынымен Италияны жарыстан шығарды


Швейцария ойыншысы Варгас (17) Италия қақпасына гол салған сәт. Берлин, 29 маусым 2024 жыл.
Швейцария ойыншысы Варгас (17) Италия қақпасына гол салған сәт. Берлин, 29 маусым 2024 жыл.

Футболдан Швейцария құрамасы Италияны жеңіп, Еуропа чемпионатының ширек финалына шықты. Осылайша Еуро-2020 додасының чемпионы болған Италия биылғы Еуропа чемпионатын 1/8 финалдан аяқтады. Азаттық тілшісі Руслан Меделбектің матч өткен Берлиндегі Олимпиада стадионынан репортажы.

ШВЕЙЦАРИЯ ИТАЛИЯНЫ ҚАЛАЙ ЖЕҢДІ?

Бірінші таймда Швейцария әлдеқайда басым әрі сенімді ойнады. Италияға қарағанда қауіпті сәттерде көп ұйымдастырды да. Сондай сәттердің бірінде, 37-минутта, Ремо Фройлер Италия айып алаңына имене кіріп, есеп ашып кетті. Бірінші таймда Швейцария тағы екі гол салуға мүмкіндігі болған еді. Бірақ бұл сәтте Италия қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма қақпасын голдан құтқарып қалды. Италия жанкүйерлері құрамадан мұндай ойын күтпеген еді.

Фройлердің Италия қақпасына салған голы. Берлин, 29 маусым 2024 жыл.
Фройлердің Италия қақпасына салған голы. Берлин, 29 маусым 2024 жыл.

Екінші тайм бастала сала Италияның жағдайы тіпті қиындады. 46-минутта Швейцария ойыншыларының кезекті комбинациясы голға айналды. Рубен Варгас салған гол Швейцарияны 2:0 есебімен алға шығарды. Матч соңына дейін Италия есепті теңестіруге тырысқанымен, нәтиже шықпады. Сонымен Швейцария ширек финалда Англия/Словакия арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.

Бұл матчта Швейцария қорғаныста да, шабуылда да сауатты ойын көрсетті. Қарсыласының атағына да, букмекерлік кеңселердің Италия басым болады деген болжамына қараған жоқ. 90 минут бойы ойынды өз бақылауларында ұстады.

Швейцария фанаттары. Берлин, 29 маусым 2024 жыл.
Швейцария фанаттары. Берлин, 29 маусым 2024 жыл.

Төреші матч аяқталғанын жариялаған сәтте Швейцария фанаттары Берлиндегі "Олимпиада" стадионын басына көтерді. Италиялық жанкүйерлер бірден стадионнан шығып кетіп жатты.

Швейцария жанкүйерлері "Берлин, Берлин! Біз Берлинге қайта ораламыз!" деп ұрандатты. Олардың "қайта ораламыз" дегені - 14 шілдедегі финалды меңзегені.

ЕКІНШІ ГОЛ ИТАЛИЯНЫҢ "АЯҒЫН КЕСТІ"

Ойыннан соң Италия бапкері Лучано Спалетти матчтан кейін "Екінші таймдағы гол біздің аяғымызды кесіп тастады, біз бірінші таймда да өткір ойнай алмады, ойын темпіміз де жоғары болмады" дей келе "жеңіліске жауапкершілікті өз мойнына алды".

Ал Италия қақпашысы Доннарумма "Жарысты дәл осылай аяқтағанымыз ауыр тиеді, бәрінен кешірім сұраймыз. Бүгін қолдан келмеді, қарсыласымыз жеңіске лайық болды. Біз бүкіл ойын бойы дұрыс ойнай алмадық. Бірінші таймда допты көп жоғалтып, алаңдағы көп жерді ашық қалдырып қойдық. Өте қиын матч болды" деп түйіндеді.

Италия ойыншылары Джанлуиджи Доннарумма (1) мен Матео Ретеги (19) матчан соң.
Италия ойыншылары Джанлуиджи Доннарумма (1) мен Матео Ретеги (19) матчан соң.

Швейцария құрамасының бас бапкері Мұрат Якин ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында "Өте маңызды матчта жеңіске жеттік. Құраманың топтық кезеңдегі жүйелі ойынын сақтап қалуға тырыстым. Италиямен матчта барлық жағынан басым болдық. матчты толық бақылауда ұстадық. Дәл уақытында гол салып үлгердік. Бүгінгі жеңісті толық сезінуіміз керек. Ертең не боларын кейін ойланармыз" деді.

Швейцария Еуро-2020 турнирінің 1/8 финалында Францияны пенальтиден жеңіп кеткен еді. Бұл жолы Италияның Еуро-2024 додасынан шығарды.

Ал Еуро-2020 чемпионы болған Италия биылғы турнирде атағын қорғай алмады.

ГЕРМАНИЯ ДА - ШИРЕК ФИНАЛДА

29 маусымдағы Дортмундта өткен матчта Германия Дания құрамасын жеңіп, ширек финалға шықты. Бұл матчтағы көп жайтты VAR ("Төрешінің видео көмекшісі") шешті.

4-минутта германиялық Нико Шлоттербек есеп ашқан. Кейін англиялық төреші Майкл Оливер гол салынған сәтті видеодан қарап, тәртіп бұзылды деп голды санамады.

Ойын 36-минутқа ауған шақта Дортмундта қатты жауын құйып, күн күркіреп, найзағай жарқылдап, ойын 20 минуттай тоқтады. Кейін ойыншылар қайта алаңға оралып, матч жалғасты.

48-минутта Йоаким Андерсон Германия қақпасына гол салған, бірақ төреші бұл сәтті де VAR арқылы тексеріп, Дания ойыншысы Томас Дилейни кішкене ғана офсайдқа шығып кеткенін анықтады. Бұл гол да есептелмеді.

50-минутта Данияның айып алаңында доп Андерсонның қолын жанап кетті. Төреші бұл сәтті де VAR арқылы көріп, Андерсон қолмен ойнады деп Германияға пенальти тебуге мүмкіндік берді. Кай Хаверц пенальтиді дөп теуіп, Германияны алға шығарды. 68-минутта германиялық Джамал Мусиала Германияның екінші голын салды. 2:0 есебі матч соңына дейін сақталды. Германия ширек финалда Испания-Грузия арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG