Accessibility links

Жыланбаев 10 күннен бері аштық жариялап жатыр. Белсендіні тәртіптік изоляторға ауыстырған


Белсенді Марат Жыланбаев сотта тұр. 2023 жылдың қазаны.
Белсенді Марат Жыланбаев сотта тұр. 2023 жылдың қазаны.

Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 түрмеде жеті жылдық жазасын өтеп жатқан белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев 21 маусымнан бері аштық жариялап жатыр. Бұл туралы оның адвокаты мен түрме әкімшілігі хабарлады.

ТҮРМЕ БАСШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Түрме басшылығы 20 маусымда Жыланбаевты "қауіпсіздігі үшін" тәртіптік изоляторға ауыстырған. Ал 21 маусымнан бастап ол аштық жариялаған. Мұны Азаттыққа колония басшысы Қанат Тұлақов айтты.

Жыланбаев бұған дейін адвокаты арқылы түрмедегі қоқан-лоқыға шағымданған. Белсенді "түрме қызметкерлері басқа сотталушыларды өзіне қарсы қойғанын" мәлімдеген. Түрменің жаңа басшысы Азаттыққа бұл жайтты ішінара растады. Тұлақов кеше, 30 маусымда Жыланбаевтан "мекеме қызметкерлерімен жайтқа бола" денсаулығын құртпауды, аштықты тоқтатуды сұраған. Бұған қоса, Тұлақов түрмеге жұмысқа жаңа келгенін, жағдаймен толық таныс емесін жеткізді.

Түрме басшысының сөзінше, Жыланбаев өзі отырған камераның дымқыл екеніне шағымданып, басқа камераға ауыстыруды сұраған. Тұлақов оған түрмедегі кейбір камералардағы жағдай "тіпті нашар екенін" айтқан.

Түрме әкімшілігі Жыланбаев барлық құжатын прокуратураға бергенін мәлімдеді. Тұлақов Азаттықтың "Жыланбаевтың түрмеде өміріме қауіп төнді деген шағымына қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр ма?" деген сауалына, "прокуратураға қайырылыңыздар" деп жауапсыз қалдырды.

Түрме басшылығы Марат Жыланбаевтың қазір тек су ішіп жатқанын, дәрігерлердің бақылауында екенін айтты.

ЖЫЛАНБАЕВТЫҢ ТҮРМЕДЕГІ ЖАҒДАЙҒА ШАҒЫМЫ

Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев 26 маусымда Степногорскідегі №4 түрмеге барып, белсендімен кездескен. Қорғаушының сөзінше, басқа сотталушылар қоқаң-лоқы жасаған соң белсендіні 20 маусымда "Қауіпсіз орын" бағдарламасына сай тәртіптік изоляторға ауыстырған. Жыланбаев бұл шешімге қарсы болып, 21 маусымда аштық жариялауды бастаған

Қорғаушының сөзінше, Жыланбаев аштық ұстамай тұрғанда 68,4 келі болса, 25 маусымдағы салмағы 65,3 келі болған. Жыланбаев "өзін қауіпсіз орынға ауыстырмайынша және санэпидстанция келмейінше аштықты тоқтатпайтынын" мәлімдеген.

Марат Жыланбаев. 2023 жылдың наурызы.
Марат Жыланбаев. 2023 жылдың наурызы.

Марафоншы тәртіптік изолятордағы жағдайға да шағымданған. Ол "еден шіріп кеткенін, еденнің астында су барын, камера мен төсек орын дымқыл екенін" айтқан. 24 маусымда Жыланбаев бас прокуратураның екі өкілімен кездесуде де тәртіптік изолятордағы антисанитарияға шағымданып, өзін санитарлық бөлімге ауыстыруды сұраған.

Қорғаушының айтуынша, түрме қызметкерлері Жыланбаев 15 шілдеде мекемеде адам құқығы бойынша уәкіл мен бас прокуратура өкілдерінің келуін талап етіп плакатпен жүргені үшін хаттама толтырған. Кейін мекемеге бас прокуратураның өкілдері келген.

Ал 19 маусымда Степногорск қаласындағы №4 түрмеге Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Абылай Мұханжаров барып, Жыланбаевпен жолыққан. Омбудсмен өкілі Жыланбаевтың түрме қызметкерлерінен қысым көргені туралы мәлімдемесін жоққа шығарған еді.

Абылай Мұханжаров.
Абылай Мұханжаров.

– Қамауда ұстау шарттары бойынша шағымдары жоқ. Кір жууға, тамақтануға байланысты талаптар қойды, қазір бәрін қалпына келтірді. Спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Осы тұста оның құқығы бұзылып отыр ма, жоқ па, соған баса назар аудардым. Бұл жағынан бәрі жақсы. Тіпті оған микротолқынды пеш, кір жуатын машина берілген. Оның бәрі жұмыс істеп тұрғанына және бұл заттарды өзі де қолданып отырғанына көз жеткіздім, – деген еді омбудсмен өкілі Азаттыққа.

2023 жылы қарашада сот тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев бұл айыптың бәрін жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп санайды.

Қазақстан билігі Жыланбаевтың шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды. Астана Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Жыланбаев үкімге наразылық ретінде бұған дейін де түрмеде бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

5 маусымда Қазақстан Жоғарғы соты былтыр күзде жеті жылға бостандығынан айырылған марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың өзін ақтап, босатуды сұраған кассациялық арызын қараудан бас тартты. Сот алқасы "оған негіз жоқ" деп тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG