2 шілде кешке таман Oyan, Qazaqstan белсендісі Бауыржан Әділханды Алматы әуежайында рейске тіркеу кезінде ұстап, Астана қаласына баратын ұшаққа жібермеді. Белсендінің жақтастары оны саяси себептерге байланысты ұстады деп санайды.
"Бауыржан Астана қаласына жеке шаруасымен бармақ болған. Біздің пайымдауымызша, Бауыржанның ұсталуы Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының кездесуімен тұспа-тұс келгендіктен, яғни саяси себептермен ұйымдастырылған" деп жазды Oyan, Qazaqstan қозғалысы желідегі парақшасында.
Куәгерлердің сөзінше, белсендіге әуежай қызметкерлері келіп, белгісіз жаққа алып кеткен. Oyan, Qazaqstan қозғалысы Бауыржан Әділханды Алматы каласының полиция басқармасына (Масанчи, 57а мекенжайында орналасқан) апарды деп хабарлады.
Азаттық полицияның баспасөз қызметінен осы жағдайға байланысты пікір білдіруді сұрады, бірақ олар сұрақты жауапсыз қалдырды. Түнге қарай белсендінің босап шыққаны белгілі болды.
Адвокат Елена Жигаленок полицияда белсендіге Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Тыйым салынған ұйым қызметін ұйымдастыру") бойынша 2018 жылы іске байланысты куә ретінде келуге шақыру қағазын бергенін хабарлады.
Бауыржан Әділхан полиция басқармасынан шыққаннан кейін Instagram-дағы парақшасында видео жариялап, "не себепті ұсталғанын білмейтінін" айтты.
"Мені неге алып кеткенін айтқан жоқ. Соған қарағанда полицияның өзі білмей тұр. Қателесті ме деген ой болып тұр. Ертең полиция басқармасына барып, жауап аламын деген үміттемін", – деді белсенді видеода.
Астанада 3-4 шілде аралығында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне 16 елдің басшылары мен өкілдері қатысады. Олар: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Катар, БАӘ, Түркия және Түркіменстан.
ПІКІРЛЕР