Accessibility links

Маңғыстауда қазақ, әзербайжан, қырғыз, тәжік, өзбек әскерилері жаттығу бастады


Маңғыстаудағы "Бірлестік-2024" әскери жаттығуы. Қорғаныс министрлігі ұсынған фото.
Маңғыстаудағы "Бірлестік-2024" әскери жаттығуы. Қорғаныс министрлігі ұсынған фото.

8-17 шілдеде Маңғыстау облысында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскерлері оқу-жаттығу жиынын өткізеді. "Бірлестік-2024" әскери жаттығуы Оймаша полигонында, Тоқмақ мүйісінен екі шақырым жердегі теңіз учаскесінде болады. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, оқу-жаттығуға 4 мыңға жуық әскери қызметші және 700-дей қару-жарақ пен әскери техника қатысады.

"Тактикалық эпизодтар жердегі және әуедегі барлау топтарының, теңіз арнайы күштерінің, армиялық және майдандық авиация экипаждарының, әскери кемелер мен катерлердің, артиллериялық есептоптардың, шабуылдаушы және танк бөлімшелерінің қатысуымен өтеді" деді қорғаныс министрлігі.

ТМД-ға кіретін бес ел − Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Әзербайжан Ресей мен Иранның қатысуынсыз әскери жаттығу өткізуге биыл сәуірде келіскен. Қазақстан әскері бұған дейін Оймаш полигонында Ресей және Өзбекстан әскерімен оқу-жаттығу өткізген еді.

Сарапшылар Орталық Азия елдерінің Әзербайжанмен әскери жаттығу өткізетініне ерекше назар аударған. Шетелдік басылымдар бұл жаттығу жиыны Мәскеудің алаңдатушылығын тудырды деген еді. Ресей басылымдары Каспий жағасындағы Ресей мен Иран бұл жаттығуға қатыспаса да, "бақылаушы" ретінде шақырылуы керек еді деп жазған.

Орталық Азияны зерттеуші, журналист Брюс Панниер Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымындағы мақаласында "Бірлестік-2024" жаттығуына қатысатын мемлекеттер ортақ қауіпсіздік мәселесін ірі елдердің, яғни Ресей, Қытай, Иранның көмегінсіз шешу үшін ынтымақтасуды жөн көреді" деп жазған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG