Accessibility links

Ресей Украинаны ракетамен атқылады. Қаза тапқандар бар. Киевте балалар ауруханасы қирады


Ресейдің шабуылынан қираған балалар ауруханасы. Киев. 8 шілде 2024 жыл.
Ресейдің шабуылынан қираған балалар ауруханасы. Киев. 8 шілде 2024 жыл.

Ресей әскері 8 шілде таңертең Украина қалаларын жаппай ракетамен атқылады. Шабуылдан елде кемі 27 адам қаза тауып, 100 адам зардап шеккен. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Польша премьері Дональд Тускпен бірге баспасөз мәслихатында айтты.

Ел астанасы Киевте кемі 17 адам, Кривой Рог қаласында кемі он адам қаза тапқаны хабарланды.

Ракета сынықтары Киевтің бірнеше ауданына, қала ортасына түсіп, бірнеше ғимаратта өрт шыққан. Ракета шабуылынан Киевтегі "Охматдет" балалар ауруханасының бір бөлігі бұзылған. Ауруханада зардап шеккендер бар, олардың нешеуі бала екені белгісіз. Үйінді астында адамдар болуы мүмкін.

Желіде жарияланған фото, видеолардан балалар ауруханасының қатты қирағаны көрінеді. Науқас балалар мен олардың ата-аналары сыртта отырғаны байқалады.

Киев билігі қаза тапқандардан бөлек, кемі 37 адам жараланғаны хабарлады.

Киевте қираған балалар ауруханасы. 8 шілде 2024 жыл.
Киевте қираған балалар ауруханасы. 8 шілде 2024 жыл.

Днепр, Кропивницк және Кривой Рог қаласында, Донецк облысында да жарылыс дыбыстары естілді. Кривой Рог билігі он адам қаза тауып, 30-дан аса адам жараланғанын мәлімдеді.

Бұған қоса, Донецк облысындағы Покровск қаласында үш адам опат болғаны айтылды. Қаза тапқандар саны өсуі мүмкін.

Украина тарабы Ресей ракеталарды Каспий теңізінен жібергенін айтады. Бүкіл Украина аумағында дабыл қағылды. Ел ішінде ракетаға қарсы жүйелер іске қосылған. Украина президенті Владимир Зеленскийдің хабарлауынша, Ресей 40-тан аса ракета атқан.

Ресей қорғаныс министрлігі әскери мекемелері мен авиациялық базаларына шабуыл жасағанын, азаматтық нысандарды ракетамен атқыламағанын айтады. Мәскеу Киевке ракеталар Украинаның ракетаға қарсы құрылғыларынан құлады деп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG