Accessibility links

Матч соңындағы гол Англияны финалға шығарды. Еуро финалында Англия мен Испания ойнайды


Англия ойыншылары жеңіс голын тойлап жатыр. Дортмунд, 10 шілде 2024 жыл.
Англия ойыншылары жеңіс голын тойлап жатыр. Дортмунд, 10 шілде 2024 жыл.

Футболдан Англия құрамасы Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының финалына шықты. Бұл елдің футболшылары жартылай финалда Нидерланд құрамасын 2:1 есебімен жеңді.

Матчтың маңызды сәттері:

  • Нидерланд алдымен есеп ашқан, бірақ бұл есепті ұстап тұра алмады.
  • Англия құрамасында 81-минутта алаңға шыққан Олли Уоткинс 91 минутта гол салып, құрамасын финалға шығарды.
  • Англия құрамасы екінші рет қатарынан Еуропа чемпионатының финалында ойнамақ.

10 шілдеде Дортмундта өткен матчтың 7-минутында Хави Симонс есеп ашып, Нидерланд құрамасы алға шыққан еді. Ал 18-минутта Нидерланд қорғаушысы Дензел Дюмфри айып алаңында Англия ойыншысы Харри Кейннің аяғынан теуіп, төреші пенальти белгіледі. Харри Кейн пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Осылайша есеп теңесті.

Матч аяқталуға аз уақыт қалғанда Англия ойыншысы Олли Уоткинс Нидерланд қақпасына гол салып кетті. Ойын соңына аз уақыт қалғанда Нидерланд құрамасының есепті теңестіруге мүмкіндігі болған жоқ.

Уоткинстің (ақ формада) осы шабуылы голға айналды. Дортмунд, 10 шілде 2024 жыл.
Уоткинстің (ақ формада) осы шабуылы голға айналды. Дортмунд, 10 шілде 2024 жыл.

Англияға жеңіс әкелген голдың авторы матчтан соң "мен осы сәтті бірнеше апта бойы күтіп жүрдім. Осы мүмкіндікті дәл уақытында пайдаландым. Ойынға Кол Палмер екеумізді шығарып жатқанда мен оған "маған доп шығарып беруге тырыс" деп айттым. Себебі оның аяғына доп тисе, маған пас беретінін білдім" деді.

Матчтың 81-минутында Англия бас бапкері Гарет Саутгейт екі ойыншыны алмастырып, алаңға Уоткинс пен Палмер шыққан еді.

Англия футболшысы Джут Беллингем ВВС радиосының эфирінде "Бір ойын ғана қалды. Бұл өте ұзақ футбол маусымы болды, бәріміз шаршадық, бірақ еліміз үшін, тарих үшін бір рет барымызды салу ғана қалды" деді финалды меңзеп.

Уоткинс (19) салған голына қуанып жатыр.
Уоткинс (19) салған голына қуанып жатыр.

Нидерланд құрамасының капитаны Вирджил ван Дейк "Айтарға сөзім жоқ. Ойын аяқталуға сәл қалғанда гол жіберіп алу өте ауыр. Бүкіл күшіңді салып ойнағанда осылай жеңілу қиын" деп қорытындылады ойынды.

Ал Нидерланд құрамасының бас бапкері Рональд Куман Уоткинстің 91-минуттағы голы "командасына нокаут болғанын" айтты.

"Біз ұлттық құрамамызбен мақтана аламыз, ойыншылар керемет турнир өткізді" деді ол командасының жеңілгеніне қарамастан.

Сонымен 14 шілдеде Берлинде өтетін финалда Англия мен Испания ойнайды. Англия екінші рет қатарынан Еуропа чемпионатының финалына шықты. Еуро-2020 додасының финалында Англия Италиядан жеңілген еді. Ал Испания соңғы рет Еуро финалында 2012 жылы ойнап, жеңіске жеткен.

Финалда Испания жеңсе, Еуропа чемпионатын төрт рет ұтқан алғашқы ел болады (1964, 2008, 2012). Ал Англия жеңсе, тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG