Accessibility links

HRW Астананы ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қабылдамауға шақырады


Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы ресми Астананы "Қазақстанда ЛГБТ насихатына қарсымыз!" деген петицияны қараудан бас тартуға шақырады. Құқық қорғаушылар аталған петиция "еркіндікке қауіп төндіреді" деп алаңдайды.

10 шілдеде HRW сайтында жарияланған мәлімдемеде петиция азшылық құқығын бұзады, олардың еркіндігін шектейді деген уәж айтылған. Сонымен бірге бұл Ресейдің репрессиялық заңдарын қайталауы мүмкін деген қаупін да жеткізеді.

"Егер "пропагандалық" ұсыныс қабылданатын болса, Қазақстан адам құқығына қатысты халықаралық міндеттемелерін бұзады", - деп есептейді HRW.

Ұйым өкілдері мәлімдемеде Қазақстан билігін ЛГБТ құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдарды тіркеуден бас тартып отыр деп те сынаған.

"Қуғындау, кемсіту және зорлық-зомбылық қаупі қазірдің өзінде Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің күнделікті өмірінде байқалып отыр. Егер билік бұл петицияны қолдаса, олар жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестік бойынша кемсітуді мақұлдау арқылы күрделі жағдайды онан сайын қиындатпақ", - деп жазылған хабарламада.

Ұйым өкілдері Астананың халықаралық әріптестері осы гомофобиялық талпыныс пен трансфобиялық сарынды жария түрде айыптауы керек деп санайды.

Қазақстанның ата-аналар одағы бірлестігінің төрайымы Бағила Балтабаева "Біз ЛГБТ-ны Қазақстан аумағында насихаттауға қарсымыз!" деген ұсыныспен 50 мың адамның қолын жинаған. Қазақстан мәдениет министрлігі бұл мәселені қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеген.

Қазақстанның ата-аналар одағы бірлестігі бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасына да қарсы шыққан. Биыл заң жобасын парламент мақұлдап, қоғамды дүр сілкіндірген Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін отбасындағы зорлыққа жазаны қатайту туралы талап күшейген тұста президент құжатқа қол қойған.

XS
SM
MD
LG