Accessibility links

Шымкент соты "ұлт араздығын қоздырған" зейнеткердің апелляциялық шығымын қанағаттандырмады


Қалима Жапарова сот отырысы кезінде. Шымкент, 12 шілде 2024 жыл.
Қалима Жапарова сот отырысы кезінде. Шымкент, 12 шілде 2024 жыл.

12 шілде күні Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы “ұлт араздығын қоздырды” деп айыпталып, бас бостандығы екі жылға шектелген зейнеткер Қалима Жапарованың өзін ақтау туралы апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Жапарова алқа қаулысымен келіспейді, кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Жапарова сот отырысында ұлт араздығын қоздыратын сөз айтпағанын жеткізді. Оның сөзінше, іс бойынша жәбірленуші жоқ. Сот сараптамасы оның ұлт араздығын туғызатын сөз айтпағанын көрсеткен.

Десе де сот алқасы қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 63 жастағы Қалима Жапарованың кінәсі "толығымен дәлелденгенін" жеткізді.

24 мамыр күні қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жапарованы Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабымен (174-бап) кінәлі деп танып, бас бостандығын екі жылға шектеген. 7 айдан бері қамауда жатқан зейнеткер сот залынан босатылған еді.

Алғашқы инстанциядағы жарыссөзде прокурор Қалима Жапарова 2020 және 2023 жылдары Шымкентте қоғамдық көлікте орыс ұлтының өкілдеріне "араздықты қоздыратын сөз айтқанын" жеткізген. Жапарова Ресейдің Украинаға шабуылын айыптағанда "фашистер", "оккупанттарға өлім" деген сияқты тіркестер қолданып, олардың "ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасаған".

Ал Қалима Жапарова жарыссөзде тағылған айыпты мойындамайтынын, тек "Ресей оккупанттарының Украинаға шабуылын айыптағанын" жеткізген.

63 жастағы Қалима Жапарова 2023 жылдың қазан айында қамауға алынған. Қазақстандық құқыққорғаушылар оны сот санкциясымен қамауда жатқанда “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Жапарова Ресейдің Украинадағы соғысына наразылық белгісі ретінде үйінің алдыңғы жағын Украина туының түстеріне бояған. 2020 жылы полиция келіп, онымен сөйлесіп, Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынас мәселесіне қатысты өз пікірін білдіруді тоқтатуды талап еткен.

2020 жылдың 22 ақпанында Қазақстандағы екі оппозициялық топ билікке қарсы наразылық өткізуге шақырған шақта Жапарова Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағының алдына шыққан. Бірнеше белсендімен бірге оны полиция күштеп әкеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG