Accessibility links

Қазақстан үкіметі мен Стати мәмілеге келді


Анатол Стати.
Анатол Стати.

Қазақстан үкіметі молдовалық кәсіпкерлер Анатол және Габриэль Статимен арадағы ұзаққа созылған дауды шешкенін хабарлады.

16 шілдеде әділет министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан үкіметі, Ұлттық банк пен Стати тараптары елдегі мұнай-газ активтері туралы дауды бейбіт және өзара реттеу бойынша заңды күші бар негіздеме келісімге қол қойғанын хабарлады.

Министрліктің ақпаратынша, тараптар заңды талқылаулар мен юрисдикциялардағы талаптардың бәрін тоқтатуға алып келетін өзара шарт бойынша келісімге келген.

Келісім шарты қандай болғаны айтылмаған. Әділет министрлігі оны "құпия" деді.

"Қоғам мүддесін ескеріп, осы келісім қабылданды және оған бюджет қаржысы жұмсалмайды. Бұл қадам елге жаңа инвестициялар тартуға және экономиканың дамуына оң әсер ететініне сенеміз" деген Қазақстан әділет министрі Азамат Есқараев.

Қазақстанның Статимен ұзаққа созылған дауды шешкенін ҚазТАГ агенттігі дереккөзіне сүйеніп 15 шілдеде хабарлаған. Агенттік екі тарап мәмілеге келген, Қазақстан оған "бюджеттен бір теңге жұмсамайды" деп жазған.

Стати дауы. Бельгия соты Қазақстанның 542 миллион долларын бұғатта қалдырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

Қазақстан билігі мен молдовалық бизнесмен арасындағы байланыс 1999 жылы басталған еді. Анатол Стати өзі құрған Tristan Oil Ltd офшорлық компаниясы арқылы сол жылы қазақстандық "Толқынмұнайгаз" және "Қазполмұнай" компанияларының үлестерін сатып алған. Tristan Oil осы компаниялар арқылы Маңғыстау облысындағы Боранқұл мен Толқын кеніштерін игерумен айналысып жатқан.

2008 жылы қазақстандық құзырлы орындар "Толқынмұнайгаз" бен "Қазполмұнай" компанияларын тексеріп, оларды "салықтан жалтарды, магистральды мұнай-газ құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 147 миллиард теңгеден астам заңсыз ақша тапты" деп айыптаған.

2009 жылы "Қазполмұнай" директоры Сергей Корнегруц тұтқындалып, кейін сот оны төрт жылға бостандығынан айырған. Ал "Толқынмұнайгаз" директорына іздеу жарияланып, оған "125 миллиард теңгеден астам заңсыз пайда тапқан" деген айып сырттай тағылған. Компанияның сол кездегі нарықтағы бағасы 500 миллион АҚШ долларына тең деп бағаланған еді.

Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған Стати мемлекеттік органдар өзін "инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын" айтқан. Астана бұл айыптауды терістеп, Статиді "алаяқтық жасады" деп айыптаған.

2017 жылы New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша, Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттағаны жария болған. 2020 жылы Қазақстан үкіметі бұғатталған қаржы көлемін 530 млн долларға дейін азайта алған.

Қазақстан әділет министрлігі Статиға қарсы сот дауына қанша ақша жұмсағанын айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG