Accessibility links

Түркістан облысында үш жыл бұрын Әблязовпен Zoom арқылы сөйлескен белсендіні соттап жатыр


Азаматтық белсенді Нұрлыбай Татаевтың ісі бойынша сот отырысы. Түркістан облысы Леңгір қаласы, 17 шілде 2024 жыл.
Азаматтық белсенді Нұрлыбай Татаевтың ісі бойынша сот отырысы. Түркістан облысы Леңгір қаласы, 17 шілде 2024 жыл.

17 шілдеде Түркістан облысы Төле би аудандық соты «тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты» деп күдікке ілінген азаматтық белсенді Нұрлыбай Татаевтың ісін қарай бастады. Прокуратура «2021 жылы Татаев Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы және «Көше» партиясының жетекшісі Мұхтар Әблязовпен Zoom арқылы сөйлесіп, аталған ұйымның ісіне қатысқанын” айтты. Осылайша "тыйым салынған ұйымның ісіне араласып", заң бұзғанын (405-бап, 2-бөлігі) атап өтті.

Сот психологиялық-филологиялық сараптама Татаевтың сөзінде “экстремистік ұйымның қызметіне қатысу белгілері бар” деп қорытынды жасаған. Айыптау қорытындысына сүйенсек, Татаевтың өзі 2020 жылы ақпан айында Астанадағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің үйінен келе жатып, Әблязовпен Zoom арқылы байланысқа шығып, сөйлескенін айтқан.

Сәрсенбі күні Татаевтың адвокаты оқиға үш жыл бұрын болғанын алға тартып, қылмыстық істі қозғау мерзімі өтіп кеткенін мәлімдеді. Ал судья "мән-жайды сотта қараймыз" деді.

Сот тергеуі жалғасып жатыр. Татаевтан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.

Азаматтық белсенді Нұрлыбай Татаев алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған жоқ. Былтыр оған қарсы "есірткі, психотроптық заттармен заңсыз айналысу" және "ескірті сақтау" баптарымен қылмыстық іс қозғалып, кейін іс қысқарған. Мұны адвокат сәрсенбі күнгі сот кезінде айтты. Бірақ іс қысқарылуының себебін түсіндірмеді. Татаев ол кезде айыпты мойындамаған және бұл істі азаматтық белсенділігімен байланыстырған.

Нұрлыбай Татаев – кейінгі бірнеше жылда түрлі митингіге қатысып, билікті сынап жүрген белсенді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG