Accessibility links

Байден сайлаудан бас тартты. Ол ұсынған Камала Харрис Трампты жеңе ала ма?


АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президенті Камала Харрис Уилмингте сайлауалды жиында. Делавэр штаты.
АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президенті Камала Харрис Уилмингте сайлауалды жиында. Делавэр штаты.

АҚШ-тың вице-президенті Камала Харрис президенттікке ұсынылған алғашқы қара нәсілді әйел болуы мүмкін. Президент Джо Байден президент сайлауына қатысудан бас тартты. Ол өз орнына Харристі ұсынып отыр.

Вице-президент Камала Харрис ірі партия атынан президент лауазымына ұсынылған алғашқы қара нәсілді әйел болуы мүмкін. Президент Джо Байден президент сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді. Өткен айдағы пікірталаста Байденнің жасы мен денсаулығы сөз болғаннан кейін президентке қысым күшейген.

21 шілдеде Байден өз партиясы мен елдің мүддесі үшін отставкаға кететінін жариялады. Ол қарашада өтетін президент сайлауына Демократиялық партия атынан жаңа кандидат ретінде Харристі ұсынып отыр.

59 жастағы Камала Харрис 19-21 тамызда Чикагода өтетін Демократиялық партия съезінде делегаттардың қолдауына ие болса, партия атынан президент сайлауына қатысады. Харрис әзірге негізгі кандидат болып отыр, бірақ алдағы уақытта басқа үміткерлер де шығуы мүмкін.

Харрис саяси бәсекеге түссе, Республикалық партия атынан қатысатын кандидат Дональд Трамппен бәсеке сипат алады. Осыған дейін дода төрт жыл бұрынғы сайлауды қайталайтындай әсер қалдырған. Америкалықтардың көбі сайлауда жаңа кандидат болсын деп талап еткен.

Осыған дейін Байденнің денсаулығы мен жасына қатысты көп күмән айтылып еді.

27 маусымда өткен теледебат кезінде Байден сөздің басын қоса алмай, ойы шашыраңқы көрінді. Енді сайлауға Камала Харрис түссе, кандидаттың саулығы жайлы әңгімеге нүкте қойылады.

Теледебаттан кейін Конгрестегі кей демократтар мен партия демеушілері Байденді жарыс жолынан шығуға үндеді.

Харрис сайлауда көші-қон реформасы, аборт құқығы, Украинаға көмек сияқты тақырыптарды көтереді. Пенсильвания, Мичиган және Висконсин штаттары Трампты немесе Харристі біржақты қолдамайды. Сондықтан олардың дауысы шешуші мәнге ие болуы мүмкін. Кандидаттар бар күшін осындай маңызды штаттардағы халықты сендіруге жұмсайды.

Трамп Харристің көші-қон бойынша жұмысын сынап, оны Демократиялық партиядағы "радикал солшылдардың" өкілі етіп көрсетуге тырысады.

Харрис президент әкімшілігінің кейінгі 4 жылдағы жетістіктерін алға тартып, жұмыс орындарының көбеюі, рецептімен берілетін дәрі-дәрмек бағасының арзандауы және студенттер қарызының кешірілуі сияқты шараларды мақтан етіп айта алады.

Ол аборт құқығын қорғағанын да еске салуы мүмкін. Трамп 2017–2021 жылдары президент болған кезде Жоғарғы соттың үш мүшесін тағайындап, сотты оңшыл жаққа ойыстырған. Ал екі жыл бұрын Жоғарғы сот 1973 жылғы "Роу мен Уэйд тартысы" бойынша абортты конституциялық құқық деп танитын қаулының күшін жойды.

Байден мақтаған Харристі партия жақтай ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:42 0:00

Харрис Трамптың криминалды тарихын еске салып, оны жоғары мемлекеттік қызметке лайық емес деп көрсетуі мүмкін. Мамырда алқабилер соты Трампты қаржы есептерін қолдан жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Ол жыл соңында түрмеге жабылуы керек. Бірақ мұның жүзеге асуы екіталай. Оған тағы 2 іс бойынша айып тағылған. Трамп сондай-ақ сайлауда Байденнен жеңілгенін мойындамай, 2021 жылғы 6 қаңтарда Вашингтондағы Капитолийде тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыпталып отыр.

Демократтар Трампты елді бүлікке шақырғаны үшін "демократияға қауіп төндіруші" деп көрсеткен. Бірақ енді Трампқа қарсы айыптаулар сәл жұмсаруы мүмкін, өйткені жақында оның өміріне қастандық жасалды.

Харрис пен Трампқа қатысты сауалнама қорытындысы әртүрлі: бірінде Харрис алда, енді бірінде Трамп алда.

БАЙДЕН ӘКІМШІЛІГІНДЕГІ ЖҰМЫС

Байден Харристі АҚШ-тың оңтүстігіне ағылған мигранттар легін тоқтату үшін Латын Америкасы елдерімен дипломатиялық байланысты бақылауға шақырған. Байден президент қызметіне кіріскеннен кейін Трамп кезінде қабылданған көші-қон ережелерін біраз жұмсартты. Сөйтіп болашағын Америкамен байланыстыратын мигранттар көшін қайта жандандырды. Харрис мигранттардың туған жеріндегі жұмыссыздық пен кедейлік сияқты мәселенің түпкі себебін шешуге тырысты. Бірақ оңшыл саясаткерлер мен Демократиялық партияның кей мүшелері оны апталап шекарада бармай жүріп алғанын сынады.

Харрис азаматтардың сайлау және репродуктивті құқығын қорғайды. Жоғарғы сот "Роу мен Уэйд тартысы" бойынша қаулының күшін жойғаннан кейін Харрис 2022 жылғы Конгресс сайлауы алдында Американы аралап, Демократиялық партия кандидаттарын қолдады. Ол аборт құқығына баса назар аударуға уәде берді. Демократтар сайлауда жақсы нәтиже көрсетті.

Харрис вице-президент қызметінде сыртқы саясаттағы білімін шыңдап, ондаған елге сапарлады, 150-ден астам көшбасшымен кездесті. Маусымда Харрис АҚШ атынан Швейцарияда өткен Украинаның бейбітшілік форумына барды. Саяси сарапшылар сөзінше, сайлаушылар әлі де Харристі халықаралық деңгейдегі мемлекеттік қайраткер көрмейді.

АҚШ вице-президенті Камала Харрис Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсоммен бірге сайлауалды науқанда. Сан-Леандро қаласы, Калифорния штаты. 2021 жылғы 8 қыркүйек.
АҚШ вице-президенті Камала Харрис Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсоммен бірге сайлауалды науқанда. Сан-Леандро қаласы, Калифорния штаты. 2021 жылғы 8 қыркүйек.

Харристің сыртқы істер саласындағы білімін көрсетуге мүмкіндігі бар. Ол Украина мен Газа секторында соғыс болып жатқан тұста, Трамппен пікірталаста басым түсіп, сайлаушылардың көзқарасын өзгерте алады. Харристің 2020 жылы Демократиялық партия атынан президенттікке ұсынылуына кедергі болған факторлардың бірі осы халықаралық тәжірибесінің болмауы еді.

Сарапшылар сөзінше, Харрис сыртқы саясаттағы кей мәселелерге қатысты Байден әкімшілігінен бөлек позиция ұстанса, сайлаушылар дауысына ие болуы мүмкін. Байден Израильді қолдап, оған қару-жарақ жібергені үшін демократ жақтастарының бір бөлігінен, әсіресе жас прогрессшілдерден айырылып қалды. Көктемде АҚШ-тағы университеттердің көбінде Байден әкімшілігінің Израильді қолдауына қарсы наразылық өршіді. Бұл мәселе ұстанымын ашық білдіре қоймаған Харрис Израильдің Газа секторын атқылауын сынап, Байден уысынан шығарып алған сайлаушылардың біраз бөлігін өзіне қайтара алады.

2024 жылғы президент сайлауында Харристің жынысы мен этникалық шығу тегі жеңіске қалай әсер ететіні белгісіз. Кей америкалықтар АҚШ әйел президентке дайын емес дейді. Дегенмен Харрис Демократиялық партиядан көңілі қалған қара нәсілді сайлаушылардың бір бөлігінің дауысына ие болуы мүмкін.

ИММИГРАНТТАРДЫҢ ҚЫЗЫ

Камала Деви Харрис 1964 жылы 20 қазанда Оклендтегі білімді кісілердің отбасында туған. Ол кезде АҚШ-та нәсілдік толқулар болып жатқан еді.

Камаланың анасы Шьямала Гопалан Берклидегі Калифорния университетінде оқу үшін Үндістаннан көшіп келген. Мамандығы — биолог.

Әкесі Дональд Харрис 1961 жылы Ямайкадан Калифорнияға келеді. Ол да Беркли университетінде экономика мамандығы бойынша оқып, кейін Стэнфордта профессор болған.

Шьямала Гопалан мен Дональд Харрис Берклидегі азаматтық құқықтар үшін күресетін қозғалыстың белсенділері болған, екеуі сонда жүріп танысқан. Харрис бала кезінде Калифорнияның байырғы америкалықтар тұратын ауданындағы ақ нәсілді балалардың мектебіне баратын. Ата-анасы ажырасқаннан кейін анасы және сіңлісімен бірге Канададағы Монреальға көшті.

Харрис АҚШ-қа оралып, Вашингтондағы афроамерикалықтардың тарихи оқу орны — Говард университетін саясаттану және экономика мамандығы бойынша бітіріп шықты. Кейін Калифорния университетінің заң факультетіне түсіп, 1989 жылы диплом алды.

Харрис Калифорниядағы заңгерлер арасында тез танылып үлгерді. 2003 жылы өз бастығын жеңіп, Сан-Францисконың округтік прокуроры болды. Бір жылдан кейін полиция қызметкерін өлтірген банда мүшесіне өлім жазасын сұраудан бас тартқаны үшін құқық қорғау органдарының сынына ілікті.

2004-2011 жылдары Харрис округтік прокурор ретінде қатаңдық танытып, есікрткіге қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау үкімдерін көбейтті. Осының арқасында 2010 жылы сайлауда жеңіске жетіп, Калифорнияның бас прокуроры қызметіне тағайындалды.

2020 жылы өткен Демократиялық партияның праймеризіндегі қарсыластарының бірі Харристі Калифорнияның бас прокуроры болып жүргенде қаншама адамды марихуана үшін түрмеге жапты деп айыптады. Харристің өзі де мариуханамен әуестеніп көргенін мойындаған.

Содан бері Калифорнияда марихуананы рекреациялық мақсатта қолдануға рұқсат берілген. Басында қарсы болғанымен, кейін Харрис марихуананы декриминализациялауды қолдады. Бұл қылмыстық сот жүйесін реформалау туралы үндеуде негізгі элементке айналды. Қара нәсілді азаматтар көбіне марихуанамен байланысты қылмыстар үшін көбірек айыпталады.

2020 ЖЫЛҒЫ ПРАЙМЕРИЗ

Камала Харрис АҚШ-тағы халқы ең көп штатта бас прокурор болған 6 жылда Нью-Йорк, Миссури штаттарында полицияның оқ атуынан нәсілдік тәртіпсіздік басталып, Калифорния халқы реформа жүргізуді талап ете бастады.

Харрис штаттағы құқық қорғау қызметкерлеріне азаматтарды бөліп-жармауға үйрету үшін арнайы оқу бағдарламасын ұсынды. Бірақ полицияның күш қолдануы қаншалық заңды болғанын тексеру үшін арнайы камера пайдалануды қолдамады.

Ақ үй алдында плакат ұстап, Джо Байденге алғыс білдірген ер адам. Вашингтон, 21 шілде 2024 жыл.
Ақ үй алдында плакат ұстап, Джо Байденге алғыс білдірген ер адам. Вашингтон, 21 шілде 2024 жыл.

Ол полицияның оқ ату кейстерін зерттеуді талап ететін заң жобасын қолдамағаны үшін прогрессшілдердің ашу-ызасын туғызды.

2020 жылы мамырда Миннесотада Джордж Флойд полиция қолынан қаза тапқаннан кейін Харрис құқық қорғау органдарын реформалау бойынша позициясында баланс сақтауға тырысты. Ол Америкадағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесін қайта қарау керек деді, бірақ Демократиялық партиядағы "полицияны қаржыландыруды тоқтатайық" деген прогрессшілдердің сөзіне қосылмады.

2016 жылы Харрис Сенатқа сайланды. Ол АҚШ тарихында Конгрестің жоғарғы палатасынан орын алған екінші қара нәсілді әйел болды.

Камала Харрис Сенаттың барлау қызметі, сот жүйесі, бюджет және ішкі қауіпсіздік бойынша 4 комитетінде жұмыс істеді. Осыдан саясаткер ішкі істерді жақсы білгенімен, сыртқы саясатта мол тәжірибесі аз.

Харрис Сенатта Трамп кабинетінің мүшелері – бас прокурорлар Джефф Сешнс пен Уильям Бар, Жоғарғы сотқа кандидат Бретта Каваноны қатаң тергеп, жақсы беделге ие болды.

Харрис президент сайлауына кандидатурасын ұсынса, кем тұстарын толықтырып, күмәнді штаттардағы негізгі дауыс беру күшін өз жағына тартатын сенімді серік табуы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG