Accessibility links

Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апаттан қаза болғандар төрт адамға жетті


Қарағандыдағы Мақажанов атындағы көпсалалық аурухана. 23 шілде 2024 жыл.
Қарағандыдағы Мақажанов атындағы көпсалалық аурухана. 23 шілде 2024 жыл.

Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апаттан қаза болғандар төрт адамға жетті.

"Тағы екі жұмысшы ауруханада көз жұмды" деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сүйенген “Қазақпарат” агенттігі.

“1981 және 1987 жылғы науқастар есін жимаған күйі көз жұмды” деп жазылған облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Дәрігерлердің сөзінше, ауруханада жатқан төрт адамның жағдайы ауыр.

22 шілдеде зауыттың 30 жастағы жұмысшысы Мұзафар Исмайлов алған жарақаттан қайтыс болған, оның денесінің 85 пайызы күйген. 24 шілдеде кешке облыстық денсаулық сақтау басқармасы кәсіпорын технологы Ерұлан Қазкеннің де көз жұмғанын хабарлаған. Дәрігерлер оның денесінің 90 пайызы күйгенін анықтаған.

YDD Corporation компаниясы жұмысшының қазасы туралы таратқан хабарламасында жұмысшы "төтенше апат кезінде алған жарақатынан қайтыс болды" деп жазбаған, "ауруханада көз жұмды" деген.

—Отбасына толыққанды қаржылай және әлеуметтік қолдау көрсетіледі, — деп жазылған YDD Corporation хабарламасында.

Бұған дейін полиция қылмыстық істің бабының тармағын өзгертіп, "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабының 3-бөлігіне ауыстырған (оған дейін осы баптың 2-бөлігімен тергеген). Іс бойынша күдікті ұсталғаны хабарланбады. Кәсіпорында арнайы комиссия жұмыс істеп жатқаны айтылды.

Төтенше оқиға 20 шілдеде таңғы сағат 4:10-да болған. YDD Corporation ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысын жалын шарпып, ауруханаға түсті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің денесі 10-100 пайыз аралығында күйген. Жұмысшылардың өмірі үшін жергілікті және Ресейден әкелінген дәрігерлер күресіп жатыр.

YDD Corporation — ыстыққа төзімді болат өндіруде қолданылатын жоғары сапалы ферросилиций өндіретін зауыт. Компания мәліметінше, онда шамамен 900 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында төрт балқыту пеші бар. Компания бірнеше жыл бұрын құрылған. Зауыт құрылтайшыларының арасында Ерлан Нығматулин (бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің егіз-бауыры), Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз ("Қазақстан коммуналдық жүйелері", Ordabasy Group және өзге кәсіпорынның иесі, кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлы) бар.

XS
SM
MD
LG