Accessibility links

Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апат: Зардап шеккен екі адам жалпы бөлімшеге ауыстырылды


Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана.
Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана.

Қарағандыда ферроқорытпа зауытындағы апаттан зардап шеккен екі адам жалпы бөлімшеге ауыстырылды деп хабарлады Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматология орталығының жетекшісі Берік Төлеубаев.

"Бүгінгі күні күйік алған науқастардың ішінде екі науқас жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі жағдайлары тұрақты. Емнің арқасында шок жағдайынан шығарылды. Енді екі науқас реанимацияда ауыр жағдайда жатыр. Қазір жан сақтау бөлімінде бүкіл ем-шаралар жалғастырып жатыр" деді Берік Төлеубаев 25 шілдеде күндіз Азаттық тілшісіне.

Кемінде төрт адамның қазасына әкелген апат 20 шілдеде таңғы сағат 4-тер шамасында болған. YDD Corporation ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысын жалын шарпып, ауруханаға түскен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің денесі 10-100 пайыз аралығында күйген. Жұмысшылардың өмірі үшін жергілікті және Ресейден әкелінген дәрігерлер күресіп жатыр.

22 шілдеде зауыттың 30 жастағы жұмысшысы Мұзафар Исмайлов алған жарақаттан қайтыс болған, оның денесінің 85 пайызы күйген. 24 шілдеде кешке облыстық денсаулық сақтау басқармасы кәсіпорын технологы Ерұлан Қазкеннің де көз жұмғанын хабарлаған. Дәрігерлер оның денесінің 90 пайызы күйгенін анықтаған. 25 шілдеге қараған түні тағы екі жұмысшының қаза болғаны белгілі болды.

Бұған дейін полиция қылмыстық істің бабының тармағын өзгертіп, "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабының 3-бөлігіне ауыстырған (оған дейін осы баптың 2-бөлігімен тергеген). Іс бойынша күдікті ұсталғаны хабарланбады. Кәсіпорында арнайы комиссия жұмыс істеп жатқаны айтылды.

YDD Corporation — ыстыққа төзімді болат өндіруде қолданылатын жоғары сапалы ферросилиций өндіретін зауыт. Компания мәліметінше, онда шамамен 900 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында төрт балқыту пеші бар. Компания бірнеше жыл бұрын құрылған. Зауыт құрылтайшыларының арасында Ерлан Нығматулин (бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің егіз-бауыры), Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз ("Қазақстан коммуналдық жүйелері", Ordabasy Group және өзге кәсіпорынның иесі, кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлы) бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG