Accessibility links

Беларусьте саяси тұтқын танылған бес әйел рақымшылықпен босап шықты


Белорус блогері Игорь Лосиктің әйелі Дарья Лосик
Белорус блогері Игорь Лосиктің әйелі Дарья Лосик

Беларусьте Гомельдегі әйелдер колониясынан құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған бес әйел босап шықты. Олардың арасында "экстремизмді қолдады" деп айыпталып, екі жылға сотталған Дарья Лосик те бар. Бұл жөнінде "Гомельская Вясна" құқық қорғау жобасы жазды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Дарья Лосиктен бөлек, түрмеден Светлана Лупач, Полина Половинко, Тамара Острейко және Екатерина Маденкова босатылған. Құқық қорғау жобасының жазуынша, бесеуі де 3 шілдеде рақымшылық туралы заң аясында босатылған, алайда бұл жөнінде қазір белгілі болып отыр.

Дарья Лосик — 2021 жылы желтоқсанда 15 жыл түрмеге кесілген белорус блогері Игорь Лосиктің әйелі.

Күйеуіне үкім шыққаннан кейін Дарья Лосик Александр Лукашенкоға қайырылып, оны қорқақтығы үшін айыптаған. 2023 жылы Дарья Лосик "экстремистік құрылым" деп танылған "Белсат" телеарнасына сұхбат бергені үшін "экстремизмді қолдады" деп айыпталып, екі жыл түрмеге кесілді.

Полина Половинко – қазақстандық "Хабар 24" телеарнасының штаттан тыс тілшісі, саяси тұтқын Дмитрия Лукшидің әйелі. Ерлі-зайыптылар 2022 жылы маусымда ұсталған. Дмитрия Лукшиге Беларусьтің беделіне нұқсан келді деген айып тағылып, төрт жылға сотталды, ал әйелі оған көмектесті деп айыпталды.

  • Шілденің басында Александр Лукашенко рақымшылық туралы заңға қол қойған. Алайда заңның экстремистік немесе террористік баптармен сотталған адамдарға қатысы болмаған. Дегенмен Лукашенко ауыр сырқаты бар бірнеше саяси тұтқын босап шығатынын айтқан.
  • Осыдан кейін кемінде 18 саяси тұтқын бостандыққа шықты, арасында "Беларус халықтық майданы" оппозициялық партиясының жетекшісі Григорий Костусёв те бар. Оған онкологиялық диагноз қойылған.
  • 3 шілдедегі жағдай бойынша Беларусьте 1415 адам саяси тұтқын танылған деп жазды "Вясна" құқық қорғау орталығы.
XS
SM
MD
LG