Accessibility links

Думан Мұхаммедкәрімнің соты алдында тағы бір белсенді қамалды


Бекзат Мақсұтхан
Бекзат Мақсұтхан

Журналист Думан Мұхаммедкәрімге үкім оқылар тұста тағы бір белсенді қамалды. Қонаев қаласының әкімшілік соты 1 тамызда тіркелмеген "Атажұрт" партиясының жетекшісі Бекзат Мақсұтханды 10 күнге қамаған. Оған "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (488-бап, 6-тармағы) деген айып тағылған.

Сот шешімінде Бекзат Мақсұтхан биыл 22 мамырда түсте Қонаев қалалық соты алдында "шамамен елу адаммен бірге сотталушы Думан Мұхаммедкәрімге қолдау көрсетіп, заңсыз жиналысқа белсене араласты" деп жазылған.

Сот кезінде Бекзат Мақсұтхан тағылған айыптармен келіспей, "журналист Думан Мұхаммедкәрімді қолдауға барғанын, бұл заңсыздыққа жатпайды" деген.

Тіркелмеген "Атажұрт" партиясының өкілі Еркінбек Нұрақын 2 шілдеде түсте Азаттыққа Бекзат Мақсұтханның туыстары мен жақтастары оның қай жерде қамауда екенін білмей отырғанын жеткізді.

1 тамызда белсенді Абзал Достияров та жоғарыда айтылған бап бойынша 20 тәулікке қамалған еді. Бейсенбі күні полиция Достияровты әуелі Қонаевтағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан жолда ұстап, хаттама толтырған. Ізінше Қонаевқа жеткен кезде ұстап әкеткен. Кешке белсендінің соты өтті.

Белсенділердің ұсталуын Думан Мұхаммедкәрімнің сотымен байланыстырып жатқандар бар.

Журналист Думан Мұхаммедкәрімге үкім 1 тамызда шығуы мүмкін екені айтылған. Бірақ үкім оқу 2 тамызға шегерілді. Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп айыпталған. Журналист бұны жоққа шығарады, істің саяси астары бар деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG