Accessibility links

Сот журналист Думан Мұхаммедкәрімді жеті жыл түрмеге кесті


Думан Мұхаммедкәрім
Думан Мұхаммедкәрім

Қонаев соты "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп айыпталған журналист Думан Мұхаммедкәрімді кінәлі деп танып, жеті жыл түрмеге кесті. Бұл жөнінде адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Бұған қоса, сот журналиске үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды.

"Үкімді міндетті түрде апелляцияға береміз. Қазір Думанды Талдықорғанға әкетеін деп жатыр" деді адвокат Азаттыққа.

Сот үкімі онлайн оқылды, оған ақапарат құралдары мен жақтастары қатыса алмады. Тараптардың өздері Zoom-мен қатысқан.

Бұған дейін прокурор журналисті жеті жылға бостандығынан айырып, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұраған еді.

Журналистке үкім оқылар тұста кемінде екі белсендінің қамалғаны белгілі болды. 1 тамызда Қонаев соты белсенді Абзал Достияров пен Бекзат Мақсұтханды 20 және 10 тәулікке қамады. Бейсенбі күні полиция Достияровты әуелі Қонаевтағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан жолда ұстап, хаттама толтырған. Ізінше Қонаевқа жеткен кезде ұстап әкеткен. Кешке соты өтті. Осы күні түске таман Бекзат Мақсұтханды полиция үйінен ұстап әкетіп, хаттама толтырған. Кешке сот оны да әкімшілік жазаға тартты.

"Не дейді?" YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім "Экстремизмді қаржыландырды" және "Тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған.

Құқық қорғаушылар "саясиланған іс" деп таныған журналистің жабық соты биыл ақпан айында басталған. Сот кезінде Думан Мұхаммедкәрім "тағылған айыпты жала" деп атап, "конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын" айтып, сотты "цирк" деп атаған еді. Журналист бұл менің аузымды жабу үшін ойдан құрастырған айып" деген. Ізінше прокурор сотты жабық өткізуді өтініп, судья қанағаттандырған. Журналистің жақтастары, белсенділер соттың жабық өтуіне қарсы болған.

Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар журналист Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла түсті. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.

Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG