Accessibility links

Қызайбай: Әйелдер боксынан қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы болғым келген


Назым Қызайбай Париж олимпиадасында. 6 тамыз 2024 жыл.
Назым Қызайбай Париж олимпиадасында. 6 тамыз 2024 жыл.

Париж олимпиадасында бокстан әйелдер арасында 50 келі салмақта қазақстандық Назым Қызайбай қола медаль иеленді. Бокс құрамасы сәтсіздікке ұшырап, қазақстандық боксшылардың көбі жүлдесіз қалған тұста Қызайбай алтын ала алмағанына қапаланды.

"ҚОЛАҒА ДА ШҮКІР ЕТЕМІН, БІРАҚ АЛТЫН АЛҒЫМ КЕЛГЕН"

6 тамыз күні Парижде Назым Қызайбай жартылай финалда Қытай боксшысы Ю Вумен шаршы алаңға шығып, есе жіберді. Бес төрешінің төртеуі 2023 жылы әлем чемпионы және Азия ойындарының чемпионы болған қытай боксшысы жеңді деп шешті. Бапкерлер де, боксшының өзі де төрешілер шешіміне қатысты сын айтқан жоқ.

– Қытай қызы алдап кетті, – деді Назым қарсыласының рингтегі әккілігін меңзеп.

Назым Қызайбай (сол жақта) қытай боксшысымен бокстасып жатқан сәт. Париж, 6 тамыз 2024 жыл.
Назым Қызайбай (сол жақта) қытай боксшысымен бокстасып жатқан сәт. Париж, 6 тамыз 2024 жыл.

Бокста жартылай финалда жеңген боксшыға бірден қола медаль беріледі. Демек, 30 жастағы Қызайбай – Париж олимпиадасының қола жүлдегері.

Бірақ Назым қола жүлдеге көңілі толмай, журналистерге сұхбат беріп тұрып жылап жіберді.

– Шүкір етемін не болса да, бірақ алтын алып, бокстан әйелдер арасында қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпион болғым келген. Абиба (дзюдошы Абужақынова – ред.) екеуміз олимпиадаға келгенде "бізге чемпион болу нәсіп етсін" деп айтқан едік. Мен жартылай финалға шығып қола медаль алған соң көп адам "алтын жүлде күтеміз" деп жазып кетті. Сол да ауыр келді ме, білмеймін... Содан қатты жеңгім келіп, жекпе-жек ойдағыдай болмай қалды. Париждегі бұған дейінгі кездесулерде мұндай қысым болмаған еді, – деді боксшы.

ЖОЛДАМА АЛУ ЖОЛЫНДАҒЫ ТАРТЫСТАР

Назым Қызайбай 2014 және 2016 жылы әлем чемпионы атанған. Бірақ ол олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігін бірнеше рет пайдалана алмаған еді. Париждегі ойындар – оның алғашқы олимпиадасы.

Бұдан бөлек, 50 келі салмақтағы бәсеке мен спортшылар арасында бір-бірін айыптау жайттары да болды.

50 келіде негізінен Назым Қызайбай, Жайна Шекербекова және Ангелина Лукас бәсекелескен. 2016 жылы Рио олимпиадасына Шекербекова барып, екінші айналымда жеңілген еді. Ал Токио-2020 олимпиадасының іріктеуіне Лукас барып жолдама ала алмаған.

Париж олимпиадасына жолдамаға таласуға алдымен Қызайбайға мүмкіндік берілген. Бірақ ол 2023 жылы Қытайда өткен Азия ойындарының ширек финалында жеңілген еді. Одан соң биыл наурызда Италия өткен іріктеу жарысына Алуа Балқыбекова барып, ол да жолдама иелене алмаған.

Назым Қызайбай Париж олимпиадасында. 1 тамыз 2024 жыл.
Назым Қызайбай Париж олимпиадасында. 1 тамыз 2024 жыл.

Одан соң федерация мамырда Таиландта өтетін іріктеу жарысына кім баратынын ел ішінде турнир өткізіп анықтап, сол кезде Қызайбай Балқыбековадан басым түскен. Осылайша ол Таиландтағы іріктеу жарысына барып, жолдама иеленді. Бір қызығы, Балқыбекова мен Қызайбайдың жаттықтырушысы бір әрі екеуі – жақын құрбылар.

Бұған қоса, 2021 жылы Лукас Қызайбайды "әлімжеттік жасады, басқа қыздарды маған қарсы қойды" деп айыптап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сол кездегі спорт және мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловаға қайырылған еді. Қызайбай Лукастың айтқандарының бәрін жоққа шығарып, "жалған айтты" деген.

2021 жылы Қазақстан бокс федерациясы Лукасты "спорт этикасын сақтамады, құрамада конфликт жағдай туғызды" деп құрамадан шектеткен.

Бірақ биыл мамырда федерация Лукасты олимпиадаға іріктеу жарысына баруға мүмкіндік алу үшін ел ішінде өткен турнирге қатысуға шақырғанымен, боксшы елдегі жарысқа қатысудан бас тартты.

Парижде қола алған Қызайбай журналистердің осы жағдайға байланысты сұрағына жауап беріп, жолдама ала алмағанын, айыптауларды "қиыншылықтар" деп атап, "мұндай қиыншылықтардан әр спортшы өтеді ғой" деді.

– Париждегі қола жүлдемді әрқашан қолдайтын, жеңілгенде де, жеңгенде де қасымда болатын отбасыма, жаттықтырушыма, командағы құрбыларыма арнаймын. Әрине, жеңгенде, медаль алғанда маңайында адамдар көп болып кетеді ғой. Оның бәрін білеміз, – дейді боксшы.

Бұл – Қазақстанның әйелдер боксынан олимпиада ойындарында алған үшінші қоласы. 2012 жылы Лондон олимпиадасында Марина Вольнова, 2016 жылы Рио олимпиадасында Дариға Шәкімова қола медаль иеленген.

Париж олимпиадасында 7 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда бір алтын, бір күміс, үш қола медаль бар. Дзюдодан Елдос Сметов 60 келіде чемпион атанса, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев қола медаль иеленген. Спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов күміс, нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле командалық жарысқа қола медаль алған.

Париж олимпиадасы 11 тамызда аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG