Тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымы өз белсенділеріне және мүшелеріне қысым күшейді деп санайды. Олар осыны айтып, 7 тамызда Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюрода баспасөз мәслихатын өткізді. Ұйым мүшесі Нәзигүл Мақсұтхан "Нағыз Атажұрт" белсенділеріне салынған айыппұл бір жылда бес миллион теңгеден асқанын айтты.
– Әкімшілік кодекстің 489-бабы 9,10,11-бөлігі бойынша айыппұл салып жатыр. Оның ішінде "тіркелмеген партияны басқару, қатысу, қаржыландыру" айыбы бойынша. Билік осы арқылы жаңа партия, ұйымдардың құрылуына кедергі келтіріп отыр. Бір адамға "Атажұртқа" екі мың теңге жібергені үшін 200 АЕК (738 400 теңге – Ред.) көлемінде айыппұл салған, – деді Нәзигүл Мақсұтхан.
"Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты қарсаңында ұсталып, 10 күнге қамалды.
Сот оны "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бабының 6-бөлігі) бабы бойынша кінәлі деп таныған. Сот қаулысына сәйкес, "Мақсұтхан 22 мамырда Қонаев қалалық соты алдында елу шақты адаммен бірге Мұхаммедкәрімге қолдау көрсетіп, "заңсыз жиналысқа белсенді қатысқан". Ол сотта "Мұхаммедкәрімге қолдау көрсетуге бардым, заң бұзбадым" деген.
"Нағыз Атажұрт" мүшесі Тұрарбек Асылбеков "Бекзат Мақсұтханды Думан Мұхаммедкәрімге үкім шығады деген күні әдейі қамауға алды" деді. Оның сөзінше, билік сотқа көп адам жиналмасын деп осындай қадамға барған.
1 тамызда белсенді Абзал Достияров та 20 күнге қамалды. Полиция Достияровты Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан жолда ұстап, хаттама толтырған. Ізінше Қонаевқа жеткен кезде ұстап әкеткен, кешке сот өткен.
2 тамызда Қонаев соты "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп айыпталған журналист Думан Мұхаммедкәрімді кінәлі деп танып, жеті жылға бостандығынан айырды. Адвокаттары үкімге келіспейтіні жөнінде шағым түсіретінін айтты.
"Нағыз Атажұрт" бұған дейін бірнеше рет партия ретінде тіркеу туралы әділет министрлігіне құжат тапсырған. Министрлік "құжат толық емес" деп қайтарған. Тіркелмеген "Нағыз Атажұртқа" жетекшілік еткені үшін Бекзат Мақсұтханға 172 мың теңге айыппұл салған.
ПІКІРЛЕР