Accessibility links

Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған Ерлан Тұрғымбаев шартты түрде бес жылға сотталды


Сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 2019 жыл.
Сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 2019 жыл.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты “билік өкілетін асыра пайдалану” бабы (362-бап, 4-бөлігі) бойынша кінәлі деп танып, бес жыл шартты жаза берді. Одан бөлек, сот оны он жыл белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан да айырған. Сот оны атақтары мен наградаларынан айыруды да ұсынған. Бұл жөнінде Астана сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Соттың хабарлауынша, прокурор оған бес жыл түрме жазасын сұраған. Алайда Тұрғымбаев “өзіне тағылған айыптарды толық мойындап өкінгендіктен” шартты жаза алған.

“Аса құпия санатқа жататын” іс кінәні мойындау түріндегі процессуалдық келісім формасында [сотқа] түсті. Сондықтан ол бітімгершілік өндіріс жағдайында жабық қаралды” деп жазылған сот хабарламасында.

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін ішкі істер министрі қызметінен босатылған Ерлан Тұрғымбаев биыл сәуірде "билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікпен ұсталған. Бұрынғы ішкі істер министрі Қаңтар оқиғасына байланысты істі болғаны айтылды. Наурызда Тұрғымбаев Қаңтар кезінде күштік құрылым өкілдерінің тәртіпті қадағаламауы және ұсталғандарды азаптауы бойынша қылмыстық іс аясында тергелген.

Бас прокуратура қылмыстық істе мемлекеттік құпия мәліметтер болғандықтан басқа деректер жарияланбайтынын айтқан.

Мамырда сот Тұрғымбаевты екі айға қамауға санкция берді. 19 шілдеде іс сотқа түсті.

Ерлан Тұрғымбаев – Қаңтар оқиғасына байланысты күдікке ілінген екінші министр. Бұған дейін қорғаныс министрі болған Мұрат Бектанов "қызметін асыра пайдаланды" деп 12 жылға сотталған.

61 жастағы Ерлан Тұрғымбаев құқық қорғау органдарында 1984 жылдан бері істеген. 2019 жылы ақпанда ішкі істер министрі болып тағайындалып, үш рет қайта тағайындалған. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылы ақпанда министр қызметінен босатылып, Қазақстан президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Сол жылы тамызда оның кеңесші қызметінен алынғаны хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG