Қонаев соты кәсіпкер Мұратхан Тоқмадидің түрмеден ерте босап шығу туралы өтінішін орындады. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
Мұратхан Тоқмади – БТА банк басшысы Ержан Тәтішевті Мұхтар Әблязовтің тапсырмасымен өлтірді деп айыпталып, көп жылға сотталған кәсіпкер.
Оны мерзімінен бұрын босату жөнінде сот қаулысы 26 шілдеде жарияланған, дегенмен Тоқмадидің колониядан қашан босап шығатыны белгісіз. Бұған дейін Press.kz сайты құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сүйене отырып, Тоқмадиді 10 тамызда босатуы мүмкін екенін жазған.
Arbat Media-ның жазуынша, Ержан Тәтішевтің туыстары кәсіпкерді ерте босататыны туралы шешімге қатты алаңдаған. Тәтішевтің отбасы биліктен шешімді мұқият қарауды өтінген.
БТА банктің басшысы Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде мұны сот "жазатайым оқиға" деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмади "Тәтішевті "ТұранӘлем" банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім" деген. Сот оны 2018 жылы он жарым жылға соттаған. Қазақстан соты Әблязовті "банк активтерін иемденгені үшін" сырттай өмірлік түрме жазасына кескен. Бұрынғы банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязов Ержан Тәтішевтың өліміне қатысы жоғын, Мұратхан Тоқмадиді танымайтынын айтқан.
2022 жылы наурызда Мұратхан Тоқмади Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, істі қайта қарауды сұраған. Хатта Тоқмади қамауда отырған өзін азаптағаннан кейін тағылған айыпты "мойындауға" мәжбүр болғанын айтқан. Тоқмадидің азаптау туралы шағымы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Ізінше "азаптау" шағымы бойынша қылмыстық іс "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатылғаны белгілі болды.
ПІКІРЛЕР