Түркияның реттеуші органы егер сервис биліктің өтініштеріне құлақ аспаса, Telegram мессенжерін бұғаттайтынын мәлімдеді. Олар мессенжердегі заңсыз контентке қатысты мыңдаған өтініш жіберген, деп жазды Daily Sabah басылымы.
Билік мессенжерден есірткі саудасы, балаларға күш көрсету, құмар ойын және өзге де заңсыз контентке қатысты Telegram-арналардың иелері мен мүшелері жөнінде ақпаратты беруді талап еткен. Реттеуші орган мессенжерге мыңнан астам хат жолдаған, алайда бірде-біреуіне жауап алмаған.
Ал жаңалық жарияланғанға дейін мессенжер басылымға түсініктеме бермеді. Басылымның жазуынша, реттеуші орган мен полицияның хаттары Telegram-ның Англиядағы кеңсесіне жөнелтілген. Бұған дейін мессенжердің британ кеңсесі жабылған, компания қазір БАӘ-де шоғырланған.
2 тамызда Түркия билігі елде Instagram желісін бұғаттаған еді, алайда 10 тамызда желі қайта істей бастады. Х желісінде Түркия инфрақұрылым министрі Абдулқадір Уралоғлу Instaram өкілдері үкіметке "қолданушыларға қатысты цензура бойынша бірігіп жұмыс істеуге" уәде бергенін айтты.