Қамауда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялады. Бұл жөнінде оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады
- Кеше (11 тамыз) кешкі сағат 6-да [аштықты] бастады. Қазір оған телефонға звондау мүмкіндігін бермей жатыр. Басқалардың бәріне рұқсат беріп, тек Думан қоңырау шала алмай отыр. Сондықтан ол не телефон берсін, не өзін Алматыға ауыстыруды талап етіп отыр. Думанды не Семейге не Павлодарға ауыстыруы мүмкін. Үкім күшіне енгеннен кейін оны бірден әкетуге тырысады. Дүйсенбі күні апелляциялық шағым жаза бастаймыз. Апелляциялық шағымды адвокаттардың барлығы жазады деп келістік, себебі бізге оның саны керек, - деді Ғалым Нұрпейісов Азаттыққа.
Адвокаттың сөзінше, түрме әкімшілігі Думан Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағандығынан хабардар.
Азаттық әзірге Талдықорғандағы тергеу изоляторына хабарласа алмады.
“Экстремизмді қаржыландырды” және “тыйым салынған ұйымның ісіне араласты” деп айыпталған Думан Мұхаммедкәрімді 2 тамызда сот жеті жылға бас бостандығынан айырған. Журналист өзіне тағылған айыптардан үзілді-кесілді бас тартып, өзін билікті қатаң сынағаны үшін қудалап отыр деп санайды.
Құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді “саяси тұтқын” деп таныған.
Думан Мұхаммедкәрім қазір Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр.
ПІКІРЛЕР