Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының үстінен ашылған қылмыстық іс аясында Сатыбалдының мемлекетке қайтарған активтерін санамалап көрсетті.
Биыл сәуірде Астанада Қайрат Сатыбалдының үстінен ашылған жаңа қылмыстық іс бойынша сот басталған еді. Антикордың хабарлауынша, Қайрат Сатыбалды “кінәсін толық мойындап, шығынды толық жапқан, сонымен бірге қылмысты тергеуге және қылмыстық жолмен алынған мүліктерді әшкерелеуге көмектескен”.
“2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қайрат Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардан мемлекетке заңсыз сатып алынған 732,8 млрд теңге немесе 1,6 млрд АҚШ доллардан астам сомаға пара-пар мүліктік активтер және қаражат қайтарылды. Оның ішінде 661,5 млн АҚШ доллары шетелде табылды, олар қысқа мерзімде Қазақстанға қайтарылды, оның ішінде Қайрат Сатыбалдыұлымен белсенді ынтымақтастық нәтижесінде Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия және тағы басқа елдерден қайтарылды” деп жазылған ведомство хабарламасында.
1,6 млрд доллар тұтас қайтарылған қаражат па немесе тағы қандай активтер қайтарылуы қажет деген сұрақтарға ведомство хабарламасында жауап жоқ. Антикор Сатыбалды ісі бойынша қайтарылған активтердің тізімін санамалап (скрин) көрсеткен.
Қайтарылған активтер арасында әкімшілік ғимараттар, өте сирек кездесетін зергерлік бұйымдар, люкс үйлер мен пәтерлер, көлік, компания акциялары, қаражат бар.
Антикор сонымен бірге Сатыбалды қайтарған құны 732,8 млрд теңге болатын компаниялар тізімі мен ақша аударымдарының тізімін жариялады.
1. «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8%-ы - 93,8 млрд теңге
2. «КСО» АҚ – 30,2 млрд теңге
3. Төрт компаниядағы үлес – 10,3 млрд теңге
4. Қазақстандағы мүліктік активтер – 158,5 млрд теңге
5. Сирек кездесетін зергерлік бұйымдар – 105,39 млрд теңге (230 млн.$)
6. Қазақстандық шоттардағы ақша – 36,8 млрд теңге
7. Австриядан келген ақша – 36,8 млрд теңге. (82,1 млн.$)
8. Лихтенштейннен түскен ақша – 116,7 млрд теңге. (260,5 млн.$)
9. БАӘ-нен келген ақша – 6,3 млрд тг. (14 млн.$);
10. Түркиядан келген ақша – 2,2 млрд тг. (4,92 млн.$);
11. Бағалы қағаздарды сату – 135,8 млрд тг. (300 млн доллар)"
"Осылайша құны 158 млрд теңгеден асатын 115 қазақстандық нысан мемлекеттік меншікке қайтарылды, оның ішінде 73 жылжымайтын мүлік объектісі (13 үй, 10 ғимарат, 13 жер учаскесі, 4 пәтер, 3 ғимарат, қосымша салынған 2 медресе ғимараты, 2 тұрақ орны, 25 үй-жай, 1 аяқталмаған құрылыс объектісі), 37 жылжымалы мүлік объектісі (29 автомашина, 5 арнайы техника, 3 квадроцикл) және өзге де мүлік бар"
Ведомствоның хабарлауынша, мүліктердің бір бөлігі оның туыстары мен оған қатысы бар адамдарға және компанияларға рәсімделген.
Алматы мен Астанада мемлекетке қайтарылған әкімшілік ғимараттардың жалпы көлемі 180 мың шаршы метрден асады.
Бұған дейін бұл акивтер жалға беріліп, жыл сайын мүлік иесіне миллиардтаған кіріс әкелген. Енді ол мемлекетке қайтарылды.
Ақмола облысы Объект ауылында жалпы аумағы 135 гектар болатын бір жарым мың шаршы метр жердің иесі Қайрат Сатыбалды деп көрсетілген. Антикор мәліметінше, бұл люкс нысан Астана қаласының білім басқармасына берілген.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл қаражат мемлекет кірісіне қайтарылған және әлеуметтік мақсатта пайдаланылады.
Қайрат Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы наурызда қамалды. Ол осыған дейін "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған. Қаңтарда билік Қайрат Сатыбалды билікке 650 млрд теңге қайтарғанын хабарлады.
Қайрат Сатыбалды Назарбаев президент болып тұрған тұста елдегі ең ықпалды бизнесмендердің бірі болды. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 163 миллион долларға бағалаған.
Сатыбалды Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің кадрлық қызметіне жетекшілік еткен. "Qazaq oil", "Қазақстан темір жолы" компанияларының вице-президенті болды. 2010-2015 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік еткен билік партиясының хатшысы болды. Қамалғанға дейін Қайрат Сатыбалды бірнеше коммерциялық компанияға жетекшілік етті, "Қазақтелеком" компаниясының акцияларына иелік еткен.