Өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев 13 тамызда үкімет кулуарында утилалымды алып тастау мәселесі бірнеше рет қаралғанын және оған нүкте қойылғанын алға тартты.
Оның сөзінше, петиция туралы бастама көтергендердің уәждеріне заңдық тұрғыда жауап беріліп, ұсыныстары қабылданбаған.
– Бүйте берсек, мемлекеттік органдар қабылдаған барлық шешімді қайта қарай беруіміз мүмкін. Бұл дұрыс емес деп санаймын. Себебі зааңнама бар, заң талабы бар. Петицияны қарау заңнамасы аясында шешім шығарылып қойды. Сондықтан мемлекеттік органдар бірлесіп шығарған шешімге түсініктеме бере алмаймын. Мәселені жабуды ұсынамын. Ендігәрі бұл мәселеге түсініктеме бермейміз, - деді Шарлапаев.
Бұған дейін белсенділер жеңіл көліктерге салынатын утилалым мен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын жарнаны алып тастау және көліктерді бастапқы тіркеу жарнасын төмендету туралы петицияға қол жинаған. Оған 50 мыңнан астам адам қол қойғаннан кейін құжат мамырда үкімет қарауына берілген. Шілдеде министрлік петиция талаптарын орындаудан ресми түрде бас тартты.
Петиция авторлары үкіметтен жеңіл көліктерге утилалымды 100 мың теңгеге дейін түсіруді, басқа көліктерге нөл ставка жасауды, ауыл шаруашылық техникаларға утилалымды мүлде алып тастауды талап еткен. Олардың сөзінше, утилалым салдарынан көлік бағасы қымбат болып отыр. Қазір Қазақстанда шетелден көлік алған адам 277 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейін утилалым төлейді. Бұл төлем көліктердің қозғалтқыш күшіне байланысты есептеледі.