Астанада атом электр станциясын салу бойынша жария талқы 20 тамызда, сағат 9.00-да Radisson Hotel қонақүйінде өтеді.
Бұған дейін жария талқы Қазақстанның 19 қаласында: Алматы, Қарағанды, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал, Өскемен, Семей, Талдықорған және өзге қалаларда өткен.
Эколог-сарапшылар мен белсенділер аймақтардағы жария талқы "талқы" емес, насихат, жарнамаға ұқсап кеткенін айтқан. Өткен аптада Алматыда өткен талқы кезінде белсенділер АЭС-тің пайдасы ғана айтылып, кемшілік пен қатері айтылмады деп наразы болған. Ал ұйымдастырушылар бұл сұраққа нақты жауап бермеді.
АЭС Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылында салынуы мүмкіндігі айтылып келеді. Ақпаратқа қарағанда, АЭС әрқайсысының қуаты 1200-1400 МВт болатын екі реактордан тұрады.
Қазақстан үкіметінің дерегінше, атом реакторын салуға Франция, Оңтүстік Корея, Қытай мен Ресей компанияларының бірі таңдалуы мүмкін.
Белсенділер АЭС салуға Ресей компаниясы таңдалса, бұл Қазақстанның көрші мемлекетке саяси-экономикалық тәуелділігін күшейтеді деп есептейді. Олар АЭС салынатын Балқаш көлінің болашағына да алаңдайды.
Эколог Мэлс Елеусізов бұған дейін қазір дамыған елдер жасыл энергияға көшіп, Еуропаның бірқатар мемлекеттері АЭС-тен бас тартып жатқанын айтқан.
Қазақстанның барлық өңірінде жария талқы өткен соң АЭС салу мәселесі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум биыл күзде өтетінін айтқан. Бірақ әзірге референдум күні белгіленген жоқ.
ПІКІРЛЕР