19 тамызда Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты қалалық әділет департаментінің алдында "Алға, Қазақстан!" ұйымын партия ретінде тіркеуді және "саяси тұтқындарға" бостандық сұраған зейнеткер белсенділер Ермек Қонышбай, Айжан Жолдасова мен Азия Әбиеваға "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 110 мың теңге айыппұл салды. Сот белсенділерді 31 мамырдағы шара үшін жазалады.
Азия Әбиеваның екінші топ мүгедегі екенін ескеріліп айыппұл мөлшерінің отыз пайызы қысқарды. Белсенділер сот қаулысымен келіспейді, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Іс материалдарына қарағанда, шара кезінде Ермек Қонышбай "Тоқаевқа импичмент, Назарбаев тұтқындалсын!" деп ұрандатқан.
Акция кезінде полиция белсенділерге шара туралы қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармаға хабар бермегені үшін хаттама толтырған.
- "Алға, Қазақстан!" партиясын тіркеуді талап ету митинг емес. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні саяси тұтқындарға бостандық талап ету қылмыс емес. Апелляциялық шағым түсіремін, - деді Ермек Қонышбай.
Жолдасова мен Әбиеваның ісіне қатысқан прокурорлар соттан оларды кінәлі деп танып, отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (110 760 теңге) айыппұл салуды сұрады.
- "Алға, Қазақстан" оппозициялық ұйымы партия ретінде тіркелу үшін әділет министрлігіне 20-дан астам өтініш берген, алайда министрлік бастамашыл топ ұсынған құжаттарда қате барын айтып тіркемей келеді. "Алға, Қазақстан" өкілдері билік саяси себеппен тіркемей отыр деп санайды. Ресми Астана мұны жоққа шығарған.
- "Алға, Қазақстан!" лидері Марат Жыланбаев 2023 жылы қарашада "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деп айыпталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
- АҚШ мемлекеттік департаменті сәуір айында жариялаған Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы жаңа есебінде елдегі ірі мәселелердің бірі ретінде саяси тұтқындардың болуы, сот билігінің тәуелсіз болмауы, ұстау мен қамау, бейбіт жиналу құқығының бұзылуы, саяси өмірге араласу құқығының шектелуі сияқты жайттарды атап көрсеткен.
ПІКІРЛЕР