Қырғызстанның Ыстықкөл облысында шамамен 500 үй және мекеме тасқыннан зардап шекті.
Құтқарушылар селдің салдарын жоюға күш салып жатыр. Шамамен 500 тұрғын үйге су кірген деп хабарлады Қырғызстанның төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі.
18-19 тамызда болған селдің салдарын жою жұмыстары 20 тамызда жалғасты.
Булан-Соготту, Корумду және Темір ауылдарында – 497 үй, үш әлеуметтік мекеме – балабақша, фельдшер-акушерлік пункт, кітапхана, сонымен бірге бірнеше пансионат пен демалыс орны бұзылған.
18 тамызда кешке және 19 тамызға қараған түні Ыстықкөл облысының бірқатар ауылдарында қатты жаңбыр жауып, нәтижесінде бірнеше ауылда сел болды. Тұрғын үйлерді су басып, бірқатар жол жабылған.
Билік Ыстықкөл мен Тон аудандарында төтенше жағдай жариялады.
2024 жылдың басынан бері Қырғызстанда селдің салдарынан 25 адам қаза болған. Бұған дейін елдің оңтүстігіндегі – Ош, Жалалабад, Баткен облыстарында су тасып, сел жүрген. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы алты айда табиғи-техногенді апаттардан 1 млрд 900 млн сом шығын келген.