Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Мәскеудегі іс бойынша сенімді өкілі Стефани Холмсты "Курск облысында америкалық жеке әскери компания украин күштерінің қатарында соғысып жатыр" деген ақпаратқа орай шақырды. Бұл жөнінде Ресей СІМ хабарламасына сүйенген "Настоящее время" арнасы жазды.
"Америкалық журналистердің Курск облысына заңсыз кіріп, Киев режимінің қылмысын насихаттамақ болған арандату әрекетіне байланысты, сонымен бірге америкалық жеке әскери компанияның Ресей аумағына басып кірген Украина күштерінің құрамында соғысып жатқаны туралы айғақтардың пайда болуына байланысты Холмсқа протест берілді" деп жазылған министрлік хабарламасында.
Жуырда Курск облысындағы жағдай туралы The Washington Post мақала жазған. Басылым тілшісі Ресейдің шекаралас облыстарында Украина әскерімен бірге болған.
Кремльдің насихат құралдары Киев жағында соғысып жүрген шетел жалдамалылары көп екенін бұрыннан бері айтып келеді. Курск облысында соғыс басталғаннан кейін бұл жөнінде "Ахмат" арнайы жасағының командирі және Ресей қорғаныс министрлігінің әскери-саяси басқармасы бастығының орынбасары Апти Алаудинов ресейлік мемлекеттік "Россия-1" телеарнасы эфирінде айтқан. Бұған қоса, Ресей әскері Курск облысында 15 шетелдік жалдамалы қызметкерді тұтқынға алғанын да хабарлаған.
Ресей сыртқы істер министрлігі мұндай әрекеттер "АҚШ-тың қақтығысқа қатысушы ретінде Владимир Зеленскийдің зұлым жоспарына қатысы барын" дәлелдейді деп мәлімдеді.
СІМ Ресей аумағында соғысқан америкалықтарға қатысты тергеу амалдарын жүргізуге және оларды жауапқа тартуға уәде берген.
"Еліміздің шекарасын заңсыз кесіп өткен барлық шетел «мамандары» мен жалдамалы әскер автоматты түрде Ресей Федерациясы қарулы күштерінің заңды әскери нысанасына айналады" деді Ресей СІМ.
АҚШ билігі Ресей ведомствосының айыптауларына әзірге жауап бермеді.
ПІКІРЛЕР