Accessibility links

Ақтөбеде спорт мектебіндегі оқушы өліміне қатысты сот басталды


Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасы. Ақтөбе қаласы, 15 сәуір, 2024 жыл.
Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасы. Ақтөбе қаласы, 15 сәуір, 2024 жыл.

22 тамыз күні Ақтөбе соты спорт мектебінің оқушысы Бексұлтан Әбубәкірдің қазасынан соң айыпталған екі адамның ісін қарай бастады. Сотталушылар - Есет батыр атындағы спорт мектебінің оқушылары. Екеуі де Бексұлтан Әбубәкірмен бір жатақханада тұрған.

Бейсенбі күні сот залына тергеу изоляторынан айдауыл алып келген Ағарыс Қалиев 19 жаста, екінші сотталушы Мирлан Жолаштың жасы 16-да. Тергеу оларға «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен айып таққан. Бұл қылмыстық істі кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған Ақтөбе соты қарайды.

Бейсенбі күнгі алғашқы процесте сотталушылардың адвокаты кәмелетке толмағандардың ісін жабық қарауды сұрады. Тараптарды тыңдаған соң судья Ержан Құрманов сот тергеуі жабық өтеді деп шешті. Жәбірленуші тарап ашық сот процесі өткенін қалайды.

- Мектеп-интернатта оқып жүрген ұлым әлімжеттік құрбаны болды. Бұл – интернаттар мен мектептерде, жоғарғы оқу орындарында, әскерде барлық жерде бар проблема. Біздің қоғамның дерті. Мұндай істер ашық қаралуы тиіс. Бұл - бір. Екіншіден, менің ұлым соққыға жығылған жерде жоғарғы сыныптың жеті оқушысы болған. Сонда олардың екеуі сотталады да, қалған бесеуі жауапкершіліктен жалтарады ма? Олар да жауапқа тартылсын!- дейді жәбірленуші Зоя Базарбаева.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Зоя Базарбаеваның егіз ұлының бірі Бексұлтан Әбубәкір биыл 11 сәуір күні Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасында мерт болған. Шешесінің сөзіне қарағанда, 8-сыныпта оқитын он баланы жоғарғы сыныптың оқушылары жатақхана бөлмесіне кіргізіп алып, "әлімжеттік жасаған".

Бексұлтан – егіздің сыңары. 6-сыныптан соң егіз ұл Есет батыр атындағы спорт мектебіне түсіп, сол жерде оқып жүрді. Екеуі де еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат.

- Оқиға бейсенбі күні болған еді. Бүгін де күн бейсенбі. Сол күні пойызда кетіп бара жатқанмын. Тәрбиешісі хабарласып, Бексұлтанды жедел жәрдем алып кеткенін айтты. Әкесі ауруханаға барса, балам кетіп қалыпты. Бексұлтанның сыңары Ерсұлтан да сол мектепте оқыды. Кейін біліп жатырмыз, ересек балалар бұларды сәрсенбі күні де ұрған екен, - дейді егіз ұлдың шешесі Зоя Базарбаева.

Кеудесінен соққы алған Бексұлтанның шалқасынан құлаған сәті жатақхана дәлізіндегі видеокамераға түсіп қалған. Ата-анасы ұлдарының денсаулығында ешқандай кінарат болмағанын айтып, Бексұлтанға әлімжеттік жасағандардың қатаң жазалануын талап етіп отыр.

Қазақстанның жасөспірімдер арасында топ болып төбелесу, әлімжеттік жиі болып тұрады. ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда мектептегі балалардың 66%-ы кемсітушілікке тап болады, 44%-ы әлімжеттікке ұшырайды, 24%-ы басқа балаларға кемсітушілік көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG